Елімізден заңсыз шығарылған 325 млрд теңге елге қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізден заңсыз шығарылған 325 млрд теңге елге қайтарылды

01.06.2024

Елімізден заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі қыза түсті. Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы комитет пен Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия биыл 325 миллиард теңгенің дүниесін елге қайтарды. Бұл сандар жақында еселеп артуы мүмкін. Тілші толықтырсын.

Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, осы уақытқа дейін түрлі олигополиялық топтар елімізден 160 миллиард долларды құйтырқы жолмен шекара асырған. Ол қаражат түрлі оффшорларда жасырылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі банктердің шотында жатуы мүмкін.

Мақсат Халық, Экономист:

Бұл Қазақстанның бір жылдық жалпы ішкі өнімімен пара-пар. Яғни тұтастай бір Қазақстан шетелде деген сөз ғой. Қазақстанның әлеуетіндей бір мүмкіндік шетелде жүр деген сөз.

Халық еншісінен желінген осы миллиардтарды елге қайтару үшін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр заң қабылданып, Бас прокуратура жанынан арнайы комитет құрылды.

Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия осы комитетпен бірігіп, биыл 325 миллиард теңгенің активін елге қайтарды. Оның ішінде ақшадан бөлек, акциялар, жер телімдері, Алматы қаласында орналасқан ғимарат пен бағалы зерлерлік бұйымдар бар.

Депутат әрі комиссия мүшесі Марат Бәшімовтың айтуынша, қайтарылған заңсыз актив соммасы тағы еселеп артуы мүмкін. Өйткені комитеттің күдігіне ілігіп, комиссияның қарауына жіберілген олигархтардың тізімі ұзын дейді. Оны Премьер-министр әрі Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссиясының төрағасы Олжас Бектенов бастаған топ майшаммен қарап жатыр дейді депутат.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты – комиссия мүшесі:

Ол кісі Жемқорлықпен күресетін агенеттікті басқарғаннан кейін мына процестердің бәрін біледі. Қалай жұмыс істейді? Қалай атқарады? Өзі өткізетін отырыстарда айтып отырады мына нәрсеге көңіл бөлу керек, мынаған көңіл бөлу керек деп.

Десе де, ұрланған ақшаны елге қайтаруға біраз уақыт қажет. Бұл бір күндік, бір жылдық жұмыс емес, - дейді мамандар. Бастысы осыған нақты қадамдар жасалды. Айта кетерлігі, заңсыз активтерді қайтару туралы заң, лауазымды қызметтерді атқарғандар мен олигархтарды тексеру аясын кеңейтеді. Тіпті олар ет жақын туыстары мен қол астындағылардың дүние мүлкі үшін де жауап бермек. Сондықтан ешкім ештеңені жасырып қала алмайды дейді сарапшылар.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу