Алматыдағы газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын

31.05.2024

Алматыдағы Жылу электр орталығына газ тарту жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталмақ. Ірі жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясына еншілес «Интергаз Орталық Азия» ұйымы былтыр бастаған. Әзірге екі автоматтандырылған көгілдір отын тарату станциясының құрылысы және «Алматы-Байсерке-Талғар» мен «Қазақстан-Қытай» магистральды құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбырлары дайын. Жоба Мемлекет басшысының Жылу электр станциясын газға ауыстыру тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Жобаның жалпы ұзындығы 62 шақырымнан асады. Тартылып жатқан газ құбырының диаметрі – 530 мм. Сағатына 1 млн текше метр көгілдір отын өткізуге қауқарлы. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталған.

Руслан Сүйіндіков, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы МГҚБ директоры:

Жұмыстың аяқталу мерзімі осы жылдың желтоқсан айына бекітілген. Бірақ жергілікті Алматы облысы әкімдігінің жер мәселелерін шешу, қолдау жөнінде және өзіміздің үлес қосуымыздың арқасында биыл 2024 жылдың қыркүйек айында бітіруге жоспарлап отырмыз.

Қазір газ құбырларының 52 жарым шақырымы тартылып, дәнекерленген. Инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді «Qazaq Gaz» компаниясы жүзеге асыруда.

Владимир Матевка, мердігер құрылыс ұйымының учаске жетекшісі:

Қазір тек күрделі аумақтар қалды. Жолдың астынан құбырларды көлденеңінен өткізуіміз керек. Жобаны іске асыруға 70 арнайы техника, 120-ға жуық адам жұмылдырылды.

Жылу электр станциясы газға ауыстырылса, Алматы қаласының экологиясына оң әсер етеді, дейді мамандар. Сондай-ақ, Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушыларын үздіксіз көгілдір отынмен қамтамасыз етпек.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу