Атырау облысының Махамбет ауданында су деңгейі төмендеп келеді. Жайылмаға шыққан су кері Жайық өзеніне құйылып жатыр. Қазір тасқын құрсауында қалған Талдыкөл мен Аққайың ауылдарын қорғауға күш салынып жатыр. Ал Атырау қаласында жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте су деңгейі өзгермеді. Бұдан бөлек өңірдегі орман алқаптары су астында қалды. Биыл Жайықтың шырайы кіріп, 18 жылдан бері су көрмеген өсімдіктер қайта тіріліп жатыр. Аймақтағы орман қоры қазір 56 мың гектардан асады. Осыдан 5 жыл бұрын зерттеу жүргізген мамандар оның 35-40%-ы қурап бара жатқанын анықтаған. Биыл Жайыққа келген мол су ернеуінен асып, сай-салаға жайылып жатыр. Орманшылар: «ағаштарға тасқынның залалы тимейді, керісінше, тал-теректер жаңарып, жаңа өскіндер шығады,- дейді.
Мереке Шалқаров, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:Жайық жағалауында өсетін ормандардың көктеректер осы суға бейімделген. Өздігінен шығатын орман дейді ғой. Ормандардың тұқымы түсіп осылай су келген кездерде өздігінен шығып, қайтадан толығады. Биылғы болжамымыз енді жақсылық күтіп отырмыз.
Атырау қаласындағы шаруа қожалықтардың 3000-нан астам гектар аумағы суда қалды. 265 шаруашылықтың 37-сі тасқын су зардабын тартып отыр. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қиын жағдайға тап болған шаруаларға техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар және малға қажетті жем-шөппен көмек көрсетіліп жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт