Астанадағы жекеменшік балабақшаларда өрт қауіпсіздігі сақталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы жекеменшік балабақшаларда өрт қауіпсіздігі сақталмаған

28.05.2024

Астанадағы жекеменшік балабақшалардың басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Бүгін кәсіпкерлермен бірге бас қосқан төтенше жағдайлар департаменті өкілдері осылай деді. Мораторий аяқталғаннан кейін жыл басынан бері қаладағы 400-ден аса жекеменшік балабақшаның 40-қа жуығы тексерілген. Орталықтың басым бөлігінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Мамандардың айтуынша, балабақшалардың эвакуациялық қосымша есіктері жоқ. Егер төтенше жағдай болса, өрт сөндіру көлігі аулаға кіре алмайды не дер кезінде отты сөндіре алмайды.

Ажар Рүстемова, Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
Объектіні жабыла ма жабылмай ма, оны сот белгілейді. Егерде 1 айда бұзушылықтар орындалмаса, біз материалдарды сотқа жібереміз. Сотта көбінесе айыппұл ретінде ғана қолданады.

Алайда, кәсіпкерлер бір ай ішінде мұның бәрін реттеу мүмкін емес деп отыр. Себебі, балабақшалар көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабаты мен коттедждерде орналасқан. Яғни тұрғын үйдің нысаналы мақсаты коммерциялық болып өзгертілуі қажет.

Майра Байдубекова, жекеменшік балабақша иесі:
Кәсіпкерлер ғимаратты жалға алады. Ал, иелері құжатты өзгертпейді. Оған қоса, 1 айда талаптарды орындамасақ, бізге 60 АЕК-пен айыппұл салынады. Демек, мұның арты 80 пайыз жекеменшік балабақшаның жабылуына әкеледі. Мораторий жарияланған кезде ашылған орталықтар сол күйі қалса дейміз. Біз ашылғанда кедергісіз рұқсат берілді, енді бізге тиіспесін.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу