Алматыда күніне шамамен 100-ден аса адам жүргізуші куәлігін алуға өтінім қалдырса, оның тең жартысы мопед айдайтындар. Себебі, енді мопед міну үшін – жүргізуші куәлігін алу міндет. Ал мегаполисте мопедшілер арасында жол ережесін бұзатындар азаймай тұр. Жыл басынан бері 7,5 мың адам жауапқа тартылған. Жаңа талап бойынша мопедшілер сынақтан қалай өтіп жатыр?
Никита Криворот биыл Бали аралдарын мопедпен араламақ. Осыған дейін екі дөңгелекті көлікті тізгіндеуді өздігінен үйренген ол, енді арнайы ережесін оқып, А 1 санатын алу үшін сынақ тапсырып жүр.
Никита Криворот, мопед жүргізушісі:
Менің ойымша, мопед тізгіндейтіндердің тізімі жасалып, оларға белгілі бір қатаң тәртіп бекітілсе, жол-көлік оқиғасы азаяр еді. Өзім де шетелде мопедке міну үшін, құжаттарымды заң жүзінде реттеп жүрмін.
Ал Фархад Исаев екі жылдан бері мопедпен жеткізу қызметінде жұмыс істейді. Күніне 20-ға жуық тапсырыс орындайтын ол, екі рет емтихан тапсырып, өте алмай қалыпты.
Фархад Исаев, мопед жүргізшісі:
Тестін тапсырдым, тесті оңай болды маған, ал жүргізуге келгенде кішкентай ма әлде рулі қисық па. Көріп тұрып істейді, көбінесе мопед кінәлі деп айтады ғой. Бірақ ережемен жүретін болсаң, машина қысып кетеді, немесе сол жақпен жүрсең ГАИ штраф салады.
Фархад жеткізу жұмысын әрі қарай жалғастыруы үшін жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Ал үміткерлерге емтихан тапсыруға жылына үш мүмкіндік беріледі.
Айдана Қуантхан, тілші:
Қазір біз автодромдамыз. Бұл алаңда бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолағы, қысқасы жүргізуші бірінші кезекте білуі керек ережелер мен жол белгілері бар. Үміткер осының барлығынан сүрінбей өтіп шығуы керек.
Биыл елімізде 10 мыңға жуық мопедшіге айыппұл салынса, олардың жеті жарым мыңы Алматылықтар. Сондай-ақ, мегаполисте мопедтің қатысуымен 301 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 301 адам дене жарақатын алып, үшеуі көз жұмған. Ал бейресми мәліметке сүйенсек, тек Алматының өзінде 50 мыңға жуық мопед бар.
Жалпы мопед мінгенгердерге талап күшейтілгенін қала тұрғындары мен көлік жүргізушілері де қалайды.
Тәртіп сақшылары да мопедшілерге жүргізуші куәлігін алу міндеттелгені дұрыс, - дейді.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз хатшысы:
Көбінесе мопед жүргізушілері қандай ережені бұзады. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетеді, жолдың қақ ортасымен жүреді, жаяу жүргіншілердің жолымен жүреді. Жылдамдықты асыра пайдаланады. Осының салдарынан ахуал күрделі десек болады.
Мегаполис көшелерінде автокөлік пен мопед жиі соқтығысады. Оқиға орнынан мопед жүргізушілерінің қашып кету жағдайы да жиі кездеседі, - дейді полиция қызметкерлері. Енді заң күшіне енсе, мопед тізгіндегендер де, автокөлік жүргізушілерімен бірдей жауапкершілікке тартылады.
Айдана Қуантхан