АҚШ-та дүлей дауылдардан 21 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та дүлей дауылдардан 21 адам қаза тапты

28.05.2024

АҚШ-тың орталығында болған алапат дауылдан 21 адам тауып, жүздеген адам жарақат алды. Зардап шеккен адамдардың саны әлі де анықталып жатыр. Табиғи апаттан Техас, Арканзас, Кентукки, Оклахомадағы үйлер қирап, жүз мыңдаған баспана жарықсыз қалды.

Бұл соңғы 9 жылдағы Техас штатында адам өлімі ең көп тіркелген торнадо. Дүлей дауылдың жылдамдығы сағатына 217 шақырымға жеткен. Штатта қаза тапқан 7 адамның қатарында 2 және 5 жасар екі бала болған. Вэлли-Вью қалашығы ең қатты зардап шеккен. Үйлер қирап, электр бағаналары құлады.

Грег Эботт, Техас штатының губернаторы:

Шындығын айтқанда бұл азапты апта болды. Адамдар қайтыс болды, мүлік қирады. Техастық отбасылар мен шағын бизнестердің үміті мен армандары кезек-кезек келген дауылдарға шағылды. Торнадо шамамен 80 шақырым жерге жайылды. Біз әлі де құтқаратын адамдар бар-жоғын анықтап жатырмыз.

Ал Арканзаста дауыл салдарынан 8 адамның өмірі қиылған. Арнайы коммиссия Бентонвиль қаласындағы торнадодан келген шығынды есептеп жатыр. Ал Кентукки штатының губернаторы өңірде төтенше жағдай жариялады.

Энди Бешир, Кентукки штатының губернаторы:

Өкінішке орай біз Кентукидің 4 тұрғынынан айырылғанымызды растаймыз. Бір кісі жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Біздің есебімізше кем дегенде төрт торнадо болып, 64 шақырым жерді қамтыған.

Қазір бірнеше штатта жарты миллиондай тұтынушы жарықсыз отыр. Синоптиктердің болжамы бойынша дауыл енді АҚШ-тың шығысындағы штаттарға ығысады.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу