Түркістан облысында ерекше өнерді оқушыларға дәріптеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ерекше өнерді оқушыларға дәріптеп жүр

27.05.2024

Түркістан облысында мектеп мұғалімі ұлт зиялыларының бейнесін кәдімгі шеге мен жіптің көмегімен кескіндеп жүр. Стринг-Арт технологиясын қолға алған Айнұр Сапарқызы бір айда Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін өрнектеген.

Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылындағы орта мектепте көретін дүние көп. Табалдырықтан аттағаннан оқушылардың қолынан шыққан әдемі дүниелер бірден көз тартады. Жуырда олардың қатарын ұлт зиялыларының бейнесі толықтырды. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынов ерекше әдіспен бейнеленген.

Көркем еңбек пәнінен дәріс беретін Айнұр Сапарқызының қолға алған бұл еңбегі – Алаш зиялысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың бейнесі. Алдымен тақтайға ұлы тұлғаны қаламмен салып алған ұстаз шегемен кескін беруде.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагог ғаламтордан көрген сринг-арт өнері өзіне бірден ұнап қалғанын айтады. Неге қарапайым шеге мен жіптен ұлт мақтаныштарын бейнелемеске деген оймен 3-4 ай жүрген. Қолымнан келе ме, жоқ па деп бастапқыда жүрексініп, қобалжығанын да жасырмайды. Тәуекел етіп алғаш қолға алғаны ұлы ақын Абай Құнанбайұлының бейнесі.

Айнұр Сапарқызы, мұғалім:

Өзім мүсіндер жасағанды жақсы көрем негізінде, сурет салғанды жақсы көрем. Ең алғаш өзіме қатты ұнағаны – жіптен кәдімгі бейне шығару да... Былай қарап тұрсаң оңай дүние емес, бірақ, білмеймін енді, өзіме қатты ұнады. Сосын қазақтың тұлғаларын жасайыншы деп бірінші қолға алдым.

Айнұр стринг-Арт өнерін әзірге бір оқушысына ғана үйретіп жүр. Негізгі кескін тақтайға шеге қағып шығарылатындықтан балалар абайсызда қолын жарақаттап алады ма деп қорқатын көрінеді. Ерекше өнерге машықтанып, ұлы тұлғаларды бейнелеуге өз үлесін қосып жүрген Кәусар басында аздап қиналғанмен қазір ынты-шындысымен қызыға өрнектеп жүр.

Кәусар Құрақбаева, оқушы:

Стринг-Арт шыдамдылықты өте қатты талап етеді. Төзімділікті және де қолдың икемділігі ол өте маңызды болып саналады. Бара -бара қызықтым. Өйткені бұл өнер адамның ой-санасын және де қолының шеберлігін дамытады. Өте қызықты бұл өнер. Және ұлы тұлғалардың бейнесін жасау деген өте керемет нәрсе деп айтсам болады.

Бір жұмыстың нобайын жасауға 1 сағаттай уақыт кетеді. Онан соң жібін мұқият өріп шығады. Тапжылмай отырса 4-5 сағат жеткілікті дейді. Әлихан Бөкейхановтң бейнесін аяқтағасын Айнұр Сапарқызы қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүктің, сонымен қатар үш бәйтерек пен бес арыстың бейнесін кескіндемек.

Еркін Оразбаев


Хабарламаларға жазылу