Маңғыстауда бүтін бір ауылдың тұрғындары батпақтың үстінде тұруға мәжбүр. Елдімекенде жер асты суы көп. Ми батпаққа айналған көшелерді айтпағанда, су үйлердің астынан шығып жатыр. Жер асты суы кәріз суымен араласып, құдықтардағы ауыз суды ластаған. Ал жергілікті әкімдік не дейді?
Мұнайлы ауданы Атамекен селолық округіндагі «Көктем» шағын ауданында жер асты суы мәселесі бұдан 9 жыл бұрын басталған. Содан бері тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Елдімекенде жаңбыр жауса, жер асты суы көтеріледі. Салдарынан тұрғын үйлердің кәріз құдығы толып, лас су көшелерге жайылады. Ол өздігінен жерге сіңбейді. Әркім үйінің ауласындағы суды сорғызғаннан пайда жоқ.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Көктем шағын ауданында 400-ден астам тұрғын үй бар. Барлығы да жер асты суының зардабын тартып отыр. Міне, су үйдің ауласына дейін кірген. Тіпті кәріз суымен араласып, айналаның бәрін ластаған. Тұрғындар үйлеріне кіріп шығу үшін мынадай су етік киюге мәжбүр.
Әсет Шарманов жұбайымен және 6 баласымен бірге осы баспанада тұрып жатыр. Үйдің асты толған су. Ал баспананың іші ылғал тартып, иістеніп тұр.
Әсет Шарманов, «Атамекен» селолық округінің тұрғыны:
Мен кеше әкімшіліктен 3 су тасымалдаушы тарттырдық. 8 кубтан. Содан кейін өзім 5 мыңнан 5 су тасымалдаушы су тарттырдым. 3 сағаттан кейін ауламыз қайта осы жағдайға түсті. Құдығымыздың жағдайы мынау, астынан су көтеріліп шығады. Сатып әкеліп ішіп отырмыз.
Ауылдықтардың айтуынша, бұрын жер асты суы дренаж арқылы жиналған. Қазір ол жүйе жоқ. Әкімдік құбыры жіңішке сорғы қойған. Оған қоқыс жиналып, су өтпей қалады.
Тақтагүл Өтемұратова, «Атамекен» селолық округінің тұрғыны:
Жағдайы келгендер үйлерін бұзып, қайта салып жатыр. Ал жағдайы жоқ адамдар пәтерге кетіп жатыр. Себебі үйде өмір сүруге жағдай жоқ. Еденнің асты су, аула су, дәретханаға адамдар бара алмайды. Бізге кәріз, дренаж жүйесі керек.
Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Атамекен ауылы аумағында 8 дренаждық жүйе жұмыс істеп тұр. Бірақ, жаңбыр көп жауғанда олардың күші жетпейді. Сондықтан тағы 4-еуіне қаржы бөлінген. Ал болашақта ауылға кәріз құбырын жүргізу жоспарда.
Нұрхан Мұстафаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:
Кәріздің дренажымен бірге деген жобалық сметалық құжаттарға өткен жылы 2023 жылы қаражат бөлініп, қазіргі таңда жоба толықтай аяқталды. Мемлекеттік сараптамаға тапсырдық. Бұйырса осы шілде айына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алсақ, біз құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім береміз.
Аудан басшылығының айтуынша, алдағы уақытта жер асты суының қайдан шығып жатқанын және көлемін анықтау үшін, техникалық зерттеу жұмыстары жүргізмек.
Аягөз Оралбайқызы