Алматы облысында жүгіруден марафон өтті. Бұқаралық спортты дамытуға арналған шара Қонаев қаласында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Алматы облысы әкімінің орынбасары Рүстам Исатаев жарысқа қатысып, салауатты өмір салты мен аймақтағы спорттың дамуының маңыздылығын атап өтті.
Жексенбінің таңы Қонаевта жаттығу жасаудан басталды. Марафонға жиналғандар Орталық алаңда тіркеуден өтіп, бірден дайындықты бастап кетті. Олар 3, 5, 10 шақырымды жүгіріп өтуі керек. Жарысқа 1500-ден астам қатысушы жиналды, олардың әрқайсысы – аймақтағы бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосқан марафоншылар.
Асхат Бердіханов, Қонаев қаласының әкімі:
Бір круг осы жерде басталып, Достық көшесінен өтіп, Жамбыл көшесін сосын жағажайды өтіп, айналып келіп, мына жерге келеді. Сонда 5 шақырым болады. Яғни, 10 шақырым екі круг болады негізінен Қонаев қаласынан старт алып, республика бойынша тағы да төрт қалада өтеді.
Айта кетерлігі, 5 және10 шақырым қашықтықтарды ұжым болып жүгіргендер де болды. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Техноград» мекемесі. Олар бас-аяғы 1 сағаттың ішінде мәре сызығын аттады. Ал Алматыдан арнайы келген Руслан Өтебаев ауа райына байланысты жүгіру тактикасын өзгерткенін айтады.
Руслан Өтебаев, марафонға қатысушы:
8 жылдан бері марафонға қатысамын. Осыған дейін 10, 21, 50 шақырымнан тұратын марафондарға қатыстым. Биыл Чикогоға бару жоспарда бар. Мұндай шаралар елімізде жиі ұйымдастырылса деймін.
Жарысқа Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген әуесқой және кәсіпқой спортшылар да қатысты. Желаяқтар белгіленген межені толық жүгіріп өтті.
Айдана Қуантхан