Генералдардың Гималайы: Сағадат салған сара жол - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Генералдардың Гималайы: Сағадат салған сара жол

25.05.2024

Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, тұңғыш Халық Қаһарманы, Қазақ әскері тарихындағы тұңғыш армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына бүгін 100 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында «Айбын» ордені дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атауды ұсынған болатын. Осы айдың басында наградалар өз иелерін тапты. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадамның бірі. Ендеше, Сағадат салған сара жол жайлы кеңірек баяндайық.

Сағадат Нұрмағамбетов Арқаның Ақмоласында туған. Қожахметтің оныншы баласы. Бірақ, Қожахметке кенже ұлы Сағадатты көруді бұйырмапты. Дүниеге келуіне екі ай қалғанда әкесі өмірден өтті. 8 жасында анасы көз жұмды. Тарыдай кезінен тағдырдың тауқыметін татты. Ал туған ағасы Сағит Сағадатқа әке орына әке, шеше орнына шеше болды. Сол Сағит майданға аттанып, оралмады. Бозбала Сағадат қара қағазды кеудесіне қысып тұрып, жаудан кек алмай қайтпаймын деп өз-өзіне серт берген. Сол серт батырдың жолын бастады.

 Талғат Алпысбаев, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтының доценті:

17 жасында жасын жасырып, соғысқа аттанады. 1 жыл пулемет мектебін оқыды. 20 жасында батыр атанып, ерлік жасады. Негізі Берлин операциясы үшін де 2-ші рет батыр атағын алу керек еді.

Польша жерінде шайқаста жауынгерлік тапсырманы орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Ал Кеңес одағы тарап, Тәуелсіздік таңы атқан тұста армияға ие болар адам ауадай қажет еді. Әлбетте, ең үздік кандидат - Сағадат Нұрмағамбетов болды. Сөйтіп, Қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Кейінірек Қорғаныс министрі болды. Сағадат Қожахметұлы өзінің екінші алтын жұлдызын Тәуелсіз Қазақстанда алды. Бұл жұлдыз нөмірі бірінші бұйрықпен берілген, Қазақстан тарихында тұңғыш табысталған «Халық қаһарманы» деген ең жоғарғы награда. Батыр қос жұлдызды өмірінің соңына дейін зор мақтанышпен кеудесінде тағып жүрді.

Айсұлу Нұрмағамбетова, С.Нұрмағамбетовтың қызы:

Ол әркез «мен бақытты адаммын» деп айтатын. «Барлық армандары орындалған адаммын» дейтін. «Өте ауыр балалық шақты көрдім. Кейін соғысқа бардым. Осы зобалаңнан аман қалдым, бақыттымын. Отбасын құрып, өз еліме қызмет еттім» дейтін.

Бақытжан Ертаев, Халық қаһарманы:

Әр адамның өмірі тарих. Менің өмірімде  Сағадат Нұрмағамбетов есте қалады Мен қандай бақытты адаммын деп ойлаймын. Әріптес болдым. Қасында жүріп, ақылын тыңдадым. Ұқсағымыз келді.

Ол қаһармандығы іспен де, құжат пен дәлелденген батыр. Ол қазақ армиясының қазығын қаққан тұлға. Оның оқ пен оттың өтінде өрілген өмірі жас сарбаздар үшін өшпес өнеге. Әскери адам –антқа адал болуы керек. Сағадат Нұрмағамбетов сол адалдық үлгісін көрсетті. Сағитке берген сертін орындады. Сағадаттың өзі әкесін көрмей өссе де, барлық қазақ сарбаздың бой түзеп, еңсе тіктеп, рухын қуаттар әскери әкесіне айналғандай.


Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу