Биыл Түркістан облысында шегіртке 20 күнге ерте шыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Түркістан облысында шегіртке 20 күнге ерте шыққан

23.05.2024

Түркістан облысында шегіртке елдің егістігін жайпап барады. Зиянкес үш ауданның бау-бақшасын тып-тиыл еткен. Жамбыл облысында да жағдай мәз емес. Мамандар алдағы 2-3 жылда шегіртке қаптайды деп дабыл қағып отыр.

Биыл Түркістан облысында шегіртке 20 күнге ерте шыққан. Қазір қанаттылар бақша өнімдерін баптаған Келес, Сарыағаш пен Шардара ауданындағы егістікті басып қалған. Шаруалар дәрілеу жұмыстары атүсті атқарылып жатқанына наразы. Ендігі бір аптада алқаптың танабы тақырға айналатынын айтады.

Шәкір Сәдіров, шаруа:
Қарбызымызды шегіртке жеп қояйын деп отыр. Қазір амалдап отырмыз. Мына жақта басып келіп жатыр. Бұны құртпаса болмайды.
Мамандар зиянкестерді улау 92%-ға жүргізілді дейді. Сондықтан қауіп жоқ деп сендіреді. Ал көршілес Жамбыл облысының 10 ауданында үйірлі шегірткелер көбейіп келеді. Қазір қанаттылар 131 мың гектарға тарап үлгерген.

Әсемғали Қабдышов, фитосанитар маман:

Өте көп таралып жатыр. 1-2 дана қалса да, келесі жылы бір шегірткеден 90 шегіртке шығады деп болжамдай аламыз.

Биыл өңірде италиялық прус тұқымды зиянкестер көп. Қанаттылар 96 мың гектарға тұқым тастаған. Мамыр айы басталғалы 14 мың гектар жер залалсыздандырылған.

Қаныш Әлиев, Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекция басшысы:
Сол 131 мың гектарға бізге бөлініп берілген улы химикаттар жеткілікті. Препараттың эффектілігі жоғары, әсері 92 пайызға дейін жоғары. Бұл шегірткені өңдемесеңіз, есеп бойынша, бұл аумақта 300 есеге дейін көбейіп кетуі мүмкін.
Мамандар маусым айының соңына дейін 10 мың тонна дәрі шашпақ. Сондықтан дихандардың даурығуына негіз жоқ дейді.

Данияр Әлімқұл

Хабарламаларға жазылу