Атырау облысы Махамбет ауданында 93 шаруа қожалығын су басты. Ернеуінен асқан Жайық өзені бөгеттерді бұзып, алқаптарға жайылды. Дегенмен жергілікті билік шаруалардың бәріне бірдей көмек көрсетілетінін жеткізді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:Махамбет ауданы бойынша 66 егін алқабы тасқын судың зардабын тартып отыр. Қазір біз су басқан шаруа қожалығының біріндеміз. Бұл жердегі судың деңгейін мына соқалар арқылы білуге болады. Бір- біреуінің биіктігі 2 метр болса, енді судың деңгейі 1 метр жарымдай болып тұр.
Облыстағы ірі шаруа қожалық иелерінің бірі Қоныс Ермановтың 15 гектарға жуық егіс алқабын су басып кетті. Шаруа көкөністің 13 түрін өсіріп, жылда аймақтағы халыққа мол өнім ұсынатын. Биыл тасқын судың кесірінен жұмыс әбден тұралады.
Қоныс Ерманов, шаруа қожалығының жетекшісі:Мынау қызанақтар гүлдеп тұрған. Өйткені технологияларын білеміз ерте шығарудың. Сол судың астында қалып қойды. Мал азығы 6 гектар жүгері суда, сосын мына жолымызды жауып кетті. Кеш өнім болады. Ерте еккен көкөніс, содан айырылғанымызға өкінеміз. Өйткені халық күтеді.
Егіс алқаптарынан бөлек мал бағып отырған 27 қожалық табиғи апаттың зардабын тартып отыр. Жауапты мамандар шығындар толық өтеледі дейді, су саябырлаған соң акт жасалып, есебі жүргізілмек.
Руслан Әженов, Махамбет ауылдық округінің әкімі:Облыстық төтенше жағдайдан алгоритм бөлім арқылы келіп отыр. Комиссия құрылады. Комиссия зардап шеккен шаруашылықтардың шығындарын қарап зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады.
Су кемеріне жеткен соң бекітілген жағалардың астын жырып өтіп кетіп жатыр. Сондықтан аудан бойынша соғылған 100 шақырымнан астам бөгеттер күндіз түні бақылауда. Қорғаныс және төтенше жағдай министрлігінен келген күштік құрылымдар кезектесіп күзетте тұр.
Рүстем Жақсылықұлы, Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері:Нақты алғанда қазіргі уақытта 870 жеке құрам, 62 бірлік техника және 21 қайық осы аудан көлемінде қызмет атқаруда.
Қауіпті деп белгіленген Махамбет, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарында жұмыс күшейді. Бөгеттер қосымша нығайтылып жатыр. Енді бірер күннен кейін су деңгейі біртіндеп түседі деген болжам бар.
Нұрсұлтан Нұрсейіт