Астана қаласының әкімі баланы құтқарған оқушыға 1 млн теңге берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының әкімі баланы құтқарған оқушыға 1 млн теңге берді

22.05.2024

Төртінші қабаттан құлап кете жаздаған бес жасар баланың жағдайы жақсы. Ал балконда салбырап тұрған жерінен бүлдіршінді құтқарып қалған оқушы қазір достарының мақтанышына айналды. 14 жастағы Ақан Әкімжанның ерлігіне ел тәнті. Мәселен Астана қаласының әкімі алғыс айтып, ақшалай сыйақы берді.

Елді елең еткізген бұл бейне көптің көңілін алаңдатып, жүрегін сыздатты. Тағдыры қыл үстіне тұрған бүлдіршінді періштесі қақты.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:
Оқиға дәл осы тұрғын үйде болған. 5 жасар бала 4 қабаттан абайсызда құлап кете жаздады. Абырой болғанда алаңда ойнап жүрген бала көріп қалып, баланың өмірін құтқарып қалды.

Балдырғанның жасы бесте. Ата-анасы бұл үйге қонаққа келген. Ойын баласы сыртқа шығып кетіп, кейін анасын іздейді. Ал Ақан Әкімжан бүлдіршіннің балконнан құлағалы тұрғанын қасындағы балалардан естиді. Сол бетте, жүгіріп төртінші қабатқа көтеріліп, ажалдың аузында тұрған балақайды құтқарады.

Ақан Әкімжанов, оқушы:
Біз аулада отырғанда балалар шулай бастады. Кейін маған келіп жоғарыдан бала құлайын деп, салбырап тұр деді. Мен дереу үйге қарай жүгірдім. Лифт бірден ашылды. Мен сыртқа шығып, баланы қолынан ұстап, жоғарға қарай көтеріп алдым. Қатты қорқып қалғанын көріп, сабырға шақырдым. Кейін анасын іздеп, қолына табыстадым.

Ақанның ата-анасы әскери адамдар. Отбасында бес бала бар.

Зухра Әкімжанова, Ақанның анасы:
Біреудің баласы қорқытым. Егер қолынан ұстап қалмағанда не болатын еді деп. Жарты түн Ақан екеуіміз ұйықтай алмадық. Мен Ақанды білемін мінезі тұйық болса да, көмекке тез шығатын бала.

Оқиға барысын Ақанның ұстаздары мен сыныптастары әлеуметтік желіден білген. Мұғалімдерінің айтуынша, оқушының бұл ерлігі, сөзсіз басқа балаларға үлгі болады.

Бақытнұр Жақұпова, № 31 мектеп-гимназияның оқу ісі бойынша меңгерушісі:
Ол үлкенге де, кішіге де әрекеттерінен байқаймыз кішіпейіл. Біреу көңілсіз болса тым болмаса сол баламен сөйлесіп отыруға дайын. Жалпы өз-өзін ұстамды ұстайтын, ойы зерек және адам баласына қайырымдылықты ұмытпайтын оқушымыз. Оған кез келген пән жеңіл беріледі, сабақта қиыншылық жоқ.

Мән-жайға әлеуметтік желіден қанық болған халық та 14 жасар оқушының ерлігіне тәнті болып жатыр. Ал, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Ақан Әлімжановпен және оның отбасымен кездесіп, қайғылы жағдайдың алдын алғаны үшін алғыс айтты. Балаға планшет және ақшалай сыйақы беріп, болашақта оқуға түсуіне де көмектесетінін жеткізді.

Ақмаржан Ғафизқызы


Хабарламаларға жазылу