БҚО-ның Сырым ауданында 114 үйдің құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-ның Сырым ауданында 114 үйдің құрылысы басталды

21.05.2024

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін 114 үйдің құрылысы басталды. Салынып жатқан баспаналарға қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлінеді. Ал тұруға жарамды деп танылған үй иелеріне өтемақы төленеді. Бағалау мекемесі шығынды әлі де есептеп жатыр.

Наурыздың соңында Сырым ауданында Өлеңті өзені арнасынан тасып, әрі оған жауын-шашын мен еріген қар суы қосылып, ауылдарды су басты. 1300 адам эвакуацияланды. Электр станциясы су астында қалып, бес ауылда жарық пен ұялы байланыс үзілді.

Тасқыннан келген шығынды есептеу комиссиясы ауданда 253 үй суға кеткенін анықтады. Баспаналарға техникалық сараптама жасаған компания 114 үйді тұруға жарамсыз деп таныды. Зардап шеккен тұрғындардың өтінішімен ескі үйлердің ауласына да жаңа баспана салынады деп шешілді.

Меруерт Сәлменова, Жымпиты ауылының тұрғыны:
Мүгедек анам бар, 79-да. Қонақүйде жатырмы. Үй суға кетті. Жарамсыз деп, бұзуға жіберді. Енді жаңа үй салып береміз деп бастап жатыр. Бәріне де ризамыз. Жақсы қарасып жатыр.

Ал Өлеңті ауылында су басу қаупі жоқ жер учаскесінде 29 үй салынып жатыр. Аудан бойынша 8 мердігер мекеме баспана құрылысына кіріскен.

Қасымжан Дүйсенғалиев, мердігер компанияның басшысы:
Бір үйдің құны - 22 млн теңге. Тамыздың15-і біз кілтті тапсыруымыз керек.

Жаңа қонысқа жарық, су, газ желілері тартылды. Құрылыс сапасын жергілікті әкімдік өкілдері тұрғындармен бірге қадағалайды.

Қайрат Төлепов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары: 
Жымпиты ауылында - 49 үй, Өлеңтіде - 39, Бұлдыртыда - 25, Көздіқара ауылында бір үй салынады. Барлығы 114 үй салу жоспарланып отыр. Қалғаны тұруға жарамды деп шешті техникалық сараптама қорытындысы бойынша. Оларға қазір біз бағалау жүргізіп жатырмыз. 139 үйдің 47-сінің бағалауы келді. Қалғаны осы аптада келіп болуы керек.

Бағалаушылар әр үйдің жөндеуіне 300 мыңнан 3 млн теңгеге дейін өтемақы беру туралы шешім шығарған.

Гүлдана Шайхиева, Жымпиты ауылының тұрғыны: 
Үйім 1956 жылғы, ескі. Саман тастан соғылған. Үйдің іргесіне су кіріп, сіңіп, соның кесірінен қазір үйім отырып бара жатыр. Ремонт 300 мың теңге деп шығарып беріп тұр. Менің талабым - комиссия келіп қайта қараса.

Алдағы уақытта аудан әкімдігі техникалық сараптама жасаған компания мен тұрғындар кездесуін өткізіп, мәселені түбегейлі шешетінін жеткізді. Бағалау шешімімен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Ал жылдағыдай жағдай қайталанбай, тасқынның алдын алу үшін Өлеңті өзенінің жағасында 6 метрлік бөгет салынады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу