Ұлыбританияда ондаған ірі университеттің студенті Палестинаны қолдап, наразылық шараларын өткізіп жатыр. Олар оқу ғимараттарының алдына шатыр тігіп, Газадағы соғысты тоқтатуды талап етуде. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова толықтырсын.
Кембридж, Оксфорд және басқа да озық университеттердің студенттері білім алудың орнына көшеге шықты. Олар өз талаптарын ашық айтты.
Анна Серафидиу, студент:
Ұлыбританияның Израильге әскери және қаржылық көмек көрсететінін білесіз. Осының барлығын тоқтатып, нақты әрекеттерге көшу қажет.
Жағдайдың ушыққаны соншалық, премьер-министр 17 оқу орнының басшылығын кездесуге шақырды. Талқылаулардың негізгі тақырыбы - антисемитизммен күрестің тиімді жолдарын табу.
Дэйм Салли Мэпстоун, Сент-Эндрюс университетінің вице-канцлері:
Кездесуде біз нақты нұсқаулықтар алдық. Жастар заңға қайшы әрекет етпесе дейміз.
Сарапшылар кампустарда антисемитизм белең алды дегенге сенбейді.Студенттер Вьетнам соғысы кезіндегідей өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп жатқан көрінеді.
Ави Шлаим, тарихшы:
Ұлыбританияда исламофобия антисемитизмге қарағанда әлдеқайда үлкен проблема. Ереуілге шыққандардың арасында еврей студенттердің көп екендігін билік ескермей отыр.
Наразы студенттердің қозғалысы бүкіл Еуропаға тарады. Араларында полициямен қақтығысқа түсіп, қамауға алынғандар да бар.
Марина Бекенова