Ташкентте қару-жарақты заңсыз сақтаған тұрғындар ұсталды. Өзбекстан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, 51 жастағы күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру кезінде 4 тапанша, 21 патрон және бірнеше оқ-дәрі мен дыбыс бәсеңдететін құрылғы табылған. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті қару мен оқ-дәрілерді, Ресейден контрабандалық жолмен алып келген. Мұнан бөлек, оның сыбайласының үйін тінту кезінде тиісті құжаттары жоқ 2 аңшылық мылтық пен оқ-дәрі тәркіленді.
Ферғана облысында прокуратура өкілі ірі көлемде пара алып жатқан жерінде қолға түсті. Қызмет бабын асыра пайдаланған ол, сотта қаралып жатқан қылмыстық іс бойынша айыпталушының жазасын жеңілдетуге уәде берген.
Махлиё Валикулова, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілі:
Қуштепе ауданы прокурорының орынбасары ықпалды таныстары арқылы істі болған азаматтың жаза мерзімін азайтуға көмектесемін деп, 2 мың доллар пара алып жатқанда ұсталды. Оның үстінен екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.
Базаркүл Отыншиева