«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аяқталды. Эколоиялық шараға ел бойынша миллионнан астам адам қатысып, алты мыңға таяу шара өткізілді. Қалалар қоқыстан тазарып, талдар егілді, волонтерлер мұқтаждардың аулаларын тазалап, қайырымдылық жасады. Әсіресе, Астанаға ерекше ден қойылды. Өйткені Елорданы жасыл қалаға айналдыру - басым міндеттердің бірі. Жалпы акция аясында ғана емес, қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары әкімдік тарапынан жүйелі жасалып келеді.
Бір кездері қу тақыр жерден тұрғызылған Астананы қазір тану мүмкін емес. Сән-сәулеті келіскен алып шаһарға айналды. Айналасында жасыл желек жайқалып, қала іші де үлкен саябақ іспетті. Әрине, бұл бағытта атқарылған жұмыс көп. Биыл да жоспар ауқымды. Жыл соңына дейін миллионнан астам ағаш егу көзделген. 35 мыңы қалада, қалғаны елорда сыртындағы жасыл белдеу аймағында отырғызылмақ.
Ақерке Жұмабаева, қалалық Мәдениет басқармасы мәдениет бөлімінің жетекшісі:
Мен ойлаймын бұл үлкен бастама. Осы бастаманы тұрақты түрде жүргізе беретін болсақ, жалпы қаламыз гүлденіп, үлкен болып өсуіне, жасыл қалаға айналуына мүмкіндігі бар.
Бұдан бөлек, қаладағы 170 қоғамдық орынды, оның ішінде Есіл өзенінің бойын, Ақбұлақ жағалауын, Триатлон паркі, Бейбітшілік және келісім сарайы мен ЭКСПО маңын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Бірақ тұрғындарға қаланың жайқалғаны ғана емес, жайлылығы да керек. Сондықтан кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары да қыза түскен.
Ернұр Нұрғали, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:
Көшелер мен жаяу жүргіншілердің жолақтары кеңейтіледі. Сонымен қатар бетіндегі жабындыны ауыстыру көзделген. +04:21 Орындықтар солардың бәрі ауыстырылып бір стильге келтіріледі. Сөйтіп қаланың сәулеттік стилін одан сайын аша түспек.
Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарынан Астананың көркі ғана емес, климаты да өзгерген. Мәселен, 20 жыл бұрынғы мәліметтермен салыстырсақ, қазір елордада желдің екпіні бәсеңдеген. Жылдамдығы секундына 3,6 метрден 2,8 метрге дейін төмендеді. Боранды күндер екі есе азайса, шаңды дауыл 2 күнге дейін кеміген. Тұтас алғанда, қазір елорданың қысы қатал емес, «орташа қатал» санатына ауысқан. «Қазгидромед» мамандарының ұйғарымы осындай. Қала тұрғындары да бас қаланың жылдан жылға жайнап, жайқалып жатқанын айтады.
Бұдан бөлек, былтыр елорданы көгалдандыру жарғысы қабылданған. Құжатқа сәйкес, егілген жасыл желекті 3 жылға дейін күтіп-баптау міндеті жүктеледі. Әрі үлкен ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызуға басымдық беріледі. Бұл президент айтып жүркен «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға сеп болмақ.
Досжан Маратұлы