СҚО-да тасқыннан зардап шеккен отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да тасқыннан зардап шеккен отбасы баспаналы болды

17.05.2024

Солтүстік Қазақстан облысының Семипалатное ауылында тасқыннан зардап шеккен отбасы баспаналы болды. Табиғи апат салдарынан Фазыловтар үйінен айырылып, туған-туыстарының шаңырағын паналауға мәжбүр болған. Жаңа қоныс иелерін Эльмира Кәленова құттықтап қайтты.

Татьяна Фазылова 6 жыл тұрған шаңырағын қимайды. Дәл осы үйде 14 жыл күткен сәбиі дүниеге келген. Баспанасын су басқанда ең алдымен баласы үшін алаңдағанын айтады. Бір ай туыстарының үйін паналаған отбасы өз шаңырағының кілтін алды.

Татьяна Фазылова, Семипалатное ауылының тұрғыны: 
Жаңа үйіміз ескісінен үлкенірек. Балам асыр салып ойнай алады. Қазір көктемгі егіс науқаны жүріп жатыр. Жолдасым жұмыста. Қолы босаған кезде жиһаз аламыз. Осы үйді бізге беруге атсалысқан азаматтарға алғысым шексіз.

Семипалатное ауылында 100 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Тасқын кезінде он екі үйге су кірді. Жауапты органдар жуық арада бүлінген ғимараттарға жөндеу жұмыстарын бастайды.

Абай Шәйменов, Рассвет ауылдық округінің әкімі: 
Әлеуметтік көмек кісілерге беріліп жатыр. 100 МРП алды. 

Облыс бойынша 4 мыңға жуық баспананы су басты. 1600 үй тексеріліп, оның 300-ге жуығы тұруға жарамсыз деп танылды. Петропавлдың «Солнечный-2» кентінде тасқыннан зардап шеккен отбасыларға арналған 500 үй салынып жатыр.

Леонид Зацепа, құрылыс сапасын бақылаушы компанияның директоры:
Біз үй салу процессіне бастан аяқ қатысамыз. Құрылыстың сапалы жүргізілуін қадағаймыз. Мәселен іргетасын қалау, қабырға көтеру, үйдің шатырын жабу сынды барлық жұмысты жеке-жеке қабылдап, акті толтырамыз.

Жаңа үйлердің құрылысын «Kaspi банк» және «Қазамыс» компаниялары мен «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырды. Әкімдік өкілдерінің айтуынша тамыз айының соңына дейін 500 баспана өз иелеріне табысталады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу