АҚШ пен Қытай арасында сауда текетіресі күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пен Қытай арасында сауда текетіресі күшейді

17.05.2024

АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы қайта басталғандай. Ақ үй Қытайдан импортталатын бірнеше тауар түріне тарифті еселеп өсірді. Ал ресми Бейжің қарымта әрекетке көшетінін мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Байден Сиге қаржылық «соққы» жасады. АҚШ-тың кенеттен қытай тауарларына тарифті күрт арттыруын ақпарат құралдары осылай бағалап жатыр. Президент Джо Байден Қытайдан келетін бірқатар тауарларға тарифтерді көтеру туралы жарлыққа қол қойды. Нәтижесінде электромобильдер, компьютерлік микросхемалар, медициналық жабдықтар мен күн батареяларына кедендік алым артады. Оның ішінде баж салығы электромобильдерге 4 есе, ал оларға қажет литий-ионды аккумуляторларға үш есе өседі. Тіпті, медициналық шприц пен ине импортын шектеу үшін алғаш рет 50 пайыз көлемінде кедендік баж енгізіліп отыр.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Қытай үкіметі өз компанияларына әлі күнге дейін жартылай өткізгіштерге, электромобильдерге, күн батареяларына, тіпті қолғап пен маска сияқты денсаулық сақтау жабдықтарын шығарғаны үшін қомақты субсидия бөліп келді. Осылайша, қытайлық компаниялар арзан және артық өнімді тоқтаусыз шығарып, әлемдік нарықты жаулады, басқа өндірушілерді әділетсіз сауда арқылы бизнестен ығыстырды. Біз бұған енді жол бере алмаймыз.

Джо Байденнің айтуынша, қытайдың арзан тауарлары елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіп жатыр. Әсірес, ішкі өндіріске орасан зор зиян тиген. Мәселен Пенсильваниядағы болат зауыты тоқырап, санаулы жылда екі мыңға жуық адам жұмыстан айырылған. Ақ үй басшысы бұған тосқауыл қою үшін Қытайдан келетін болат пен алюминиге 25% баж салығын енгізді. Ресми Бейжің Ақ үйдің бұл шешімін қатаң сыңға алды. Президент сайлауы қарсаңында әдейі екі ел арасындағы сауда мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр деп айыптады. Әрі қарымта қарекет болатынын меңзеді.

Лин Цзянь, ҚХР СІМ баспасөз хатшысы:

АҚШ тарапынан экономикалық және сауда мәселелерін ушықтырудан тартынуды, Қытайға салынатын қосымша тарифтердің күшін жоюды, сондай-ақ жаңа тарифтерді енгізуді тоқтатуды талап етеміз. Қытай өз құқықтары мен мүдделерін батыл қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Жалпы, АҚШ жаңа шаралар арқылы құны 18 миллиард доллар болатын қытай тауарларына қосымша салық салмақ. Бейжің бұл еркін сауда келісіміне қайшы деп сынағанымен өзара сауда баланысы тең емес. АҚШ былтыр Қытайдан 427 млрд доллардың тауарын импорттаса, тек 148 млрд долларға экспорт жасаған. Яғни, қытайдан үш есеге жуық көп тауар сатып алған.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу