Президент Малайзия Премьер-министрімен келіссөз жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Малайзия Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

16.05.2024

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Малайзия премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіре отырып, премьер-министр Ануар Ибрагимнің ресми сапарының шын мәнінде тарихи мәні бар екенін, өйткені бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

«Өз тарапымыздан Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде аса маңызды рөл атқаратын Малайзиямен анағұрлым тығыз әрі нәтижелі ықпалдастық жасауға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Жаңа ғана біз көптеген мәселе бойынша ашық әрі достық сипатта пікір алмастық. Ынтымақтастығымыздың келешегі зор екеніне сенімдімін. Сіздің бизнес-форумға қатысу ниетіңізді құптаймын. Біз малайзиялық компаниялардың қатысы бар жаңа табысты жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз.» деді Президент.

Қазір екі елдің азаматтары мен бизнесмендері 30 күндік визасыз режимнің және қолайлы тікелей әуе қатынасының игілігін көріп отыр. Сонымен қатар 500-ден аса қазақстандық студент Малайзия университеттерінде білім алады. «Олар екі ел арасындағы «алтын көпір» қызметін атқаратыны сөзсіз» деді мемлекет басшысы. Кездесу соңында Малайзия премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевты Малайзияға сапармен келуге шақырды.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу