Сарапшылар: АҚШ экономикасы баяулап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: АҚШ экономикасы баяулап жатыр

16.05.2024

АҚШ-та экономикалық белсенділік төмендеп барады. Оның бір дәлелі соңғы аптада жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға тапсырыс бергендер қатары былтырғы тамыздан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Жалпы қазіргі таңда екі милионға жуық америкалық жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттен көмек алып отыр.

Өткен бір аптаның ішінде ғана 231 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, бұл болжамнан 22 мың адамға артық. Оның үстіне сәуір айында екі қолға бір жұмыс тапқандардың қатары әдеттегіден аз болды. Бос жұмыс орындарының саны да қысқарып, үш жылдағы ең төмен деңгейді көрсеткен.

Брайан Малберри, Zaks investment management компаниясының менеджері:

Соңғы жалпы ішкі өнім есебі болжанған мөлшердің тек жартысын құраған. Бұл экономиканың іс жүзінде баяулап жатқанын білдіреді. Бірақ, несиенің пайыздық ставкасын төмендету мүмкін бе? Бұл әзірге нақты жауабы жоқ сұрақ.

Еңбек нарығының динамикасы әлсірегенімен Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз жоғары деңгейде қалдырмақ. Себебі, инфляция арада бір жылдай өтсе де екі пайыздық межеге түскен жоқ.

Джером Пауэлл, АҚШ федералды резерв жүйесінің төрағасы:

Біз пайыздық мөлшерлеменің қазіргі диапазонын қанша қажет болса, сонша уақыт сақтауға дайынбыз. Себебі, ақша-несие саясатын тез немесе тым көп жұмсарту инфляцияны тежеу процесіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін білеміз.

Бірақ, бұл ұстаным экономикалық белсенділікті азайтып жатыр. Шағын және орта бизнес қана емес, алпауыттар да қиындықққа тап болды. Мәселен, Google, Microsoft, UPS сияқты ірі компаниялар тағы да жаппай қысқарту жүргізетінін мәлімдеген.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу