Бүгін – халықаралық отбасы күні. Бұл мереке 1993 жылы Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясымен бекітілген еді. Айтулы күнді біздің елде де ерекше атап өту дәстүрге айналып келеді. Расында, отбасы – ынтымақ пен бірліктің ордасы. Десекте, отбасы мүшелерінің көзқарасы түрленді, құндылықтар өзгерді.
Бүгінде жаһанның әлеуметтанушы ғалымдары отбасы мен олардың құндылықтарын сақтап қалудың сан қилы амалдарын қарастырып дабыл қағуда. Еуропаның өзінде дәстүрлі отбасы ұғымы келмеске кеткен. Себебі, еркіндікті қалайтын тұрғындар соңғы 30 жылда азаматтық некені таңдауға көшкен.
Пиветта Поль, әлеуметтанушы:Қазір қыздар некеден тыс немесе азаматтық некеде бала туса, соған қуанатын дәрежеге жеттік. Себебі, әйелдер мансап қуып, өзінің жар болу, бала сүю міндетін ұмытып барады. Еркектер әйелдің есебінен күн көруге намыстанбайды. Бұл - нағыз қасірет. Біздің заманымызда отбасылар берік, ерлі-зайыптылар бір-біріне адал болатын. Ажырасқандарға қоғам сыни көзбен қарайтын. Қазір отбасың, балаң бар ма деген сұрақтың өзі адамның жеке өміріне қол сұғушылық болып саналады.
Мұндай түсінік Қазақстанғада келе бастады. Алайда отандық мамандар Еуропа, АҚШ елдерімен салыстырғанда Орталық Азия халқы отбасындағы ұлттық құндылықты сақтап қалуда әлдеқайда көш ілгері екенін айтады. Тек ажырасу деңгейін төмендететін тетіктерді тауып, ерлі-зайыпты деген ұғымды оқушыларға мектеп жасынан түсіндіру керек дейді.
Бекдайыр Күзембай, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:Үйленердің алдында тіркелу орны бар ғой. Сол тіркелетін орында біз сияқты бір ұйымдардың мүшесі отырса. Отбасын құрып жатқаннан кейін оның жауапкершілігі үлкен екенін түсіндіретін.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында елімізде 26 мың 700 заңды неке тіркелген. Бірақ 8 мыңнан аса жұп ажырасып үлгерді. 100 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты. Осылайша, 3 айдың ішінде халықтың табиғи өсімі 58 мың 400 адамға жетті.
Тәуірбек Бозекен