Депутат: Елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутат: Елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейді

15.05.2024

Былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айырылды. Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагері анықталған. 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Депутаттар лагерлерге қатысты осындай өрескел заң бұзу фактілерін тізе келе, тіпті, елімізде балалар лагері мүлдем жетіспейтінін айтты. Қазіргі лагерьлер бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды. Сондықтан депутат бірқатар ұсыныс-талапты жеткізді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Су басқан өңірлердің балаларын жазғы сауықтыру лагерлеріне арнайы ұйымдастыру керек. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары тиісті салалық мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс.

Тағы бір мәселе – еліміздегі лагерьлердің басым бөлігі Кеңес кезеңінде салынғандықтан, тозығы жетіп тұр. Сондықтан депутат Елнұр Бейсенбаев балалар үшін киіз үй түріндегі лагерь ұйымдастыруды ұсынды. Нақтырақ шығынды аз талап ететін Глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерьлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізу қажет, - деді депутат.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу