Қанат Бозымбаев: Тасқыннан келген залал көлемі келесі апта белгілі болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қанат Бозымбаев: Тасқыннан келген залал көлемі келесі апта белгілі болады

14.05.2024

Тасқыннан келген залал көлемі келесі апта белгілі болады. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл туралы бүгін Үкіметте баяндады. Оның айтуынша, Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі әлі алда. Қазір аймақтағы және өзге өңірлердегі жағдай қандай?

Досжан Маратұлы, тілші:

Тасқынмен күрес мәселесі негізі Үкімет отырысының бүгінгі күн тәртібінде жоқ еді. Алайда, Атыраудағы жағдай алаңдатпай қоймайды. Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары аймақтардағы ахуалды баяндаудан бастады.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Атырау облысында су тасқынының қауіпті кезеңі осы апта күтіліп отыр. Қазір Жайық өзенінің деңгейі Индербор және Махамбет су бекеттерінде қауіпті белгілерден асып түсті. Сегіз өңірде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Ақтөбе облысында екі ауыл әлі көлік қатынасынсыз. Үш өңірде 300-ге жуық үй әлі су астында. 20 мыңнан астам адамға 7,5 миллиард теңгеге бір жолғы көмек көрсетілді. Шығындары да өтеле бастады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды.

Қазір тасқыннан қираған, бүлінген нысандарды бағалау жалғасып жатыр. Бозымбаевтың айтуынша, шығын көлемі келесі апта белгілі болады. Ал Премьер-Министр тасқын қаупі бар Атыраудағы жағдайды қатаң бақылауда ұстауды, өзен жағасын бекіту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Әрі келтірілген залалды өтеу мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын қатаң бақылайтынын ескертті.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу