Бишімбаев ісін халық назарында ұстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бишімбаев ісін халық назарында ұстады

13.05.2024

Бишімбаев ісі бойынша өткен сот процесі ел тарихында алғаш рет тікелей эфирде көрсетілді. Халық елді дүрліктірген қылмыстық істі назарда ұстады. Сот отырысының қалай өтетінін көзбен көріп, Бишімбаев ісі елдің аузында болды. Миллиондаған қаралым жинаған сот процесінен қазақстандықтар қандай сабақ алды? 
Жандос Темірғали, тілші:
Жоғарғы соттың YouTube-тағы ресми парақшасында Бишімбаев ісіне қатысты 40-тан астам бейнежазба жүктелген. Біз қаралым санын есептеп көрген едік. 3 млн 253 мыңнан асып тұр. Ал, бүгінгі үкім оқылған сот процесін айналасы 16 минутта 1 млн 200 мыңнан астам адам көріп үлгерген.
Бишімбаев ісі Жоғарғы сот парақшасында 1,5 айға жуық уақыт көрсетілді. Бұл шамамен 48 тікелей эфир, кейде күні бойы өткен процестің ұзақтығы 100 сағаттан асады. Әр сот отырысы тікелей эфирде миллиондаған қаралым жинады. Қазақстандықтар алғаш рет процестің қалай өтетінін, судьяның міндетін, прокурор мен адвокаттар тартысын тамашалады.Тұрғындар соттың бұлайша ашық көрсетілуін құптайды, құқықтық сауатымызды арттырды деп отыр.
Көрермендер ТМД мен Еуропа елдерінен, тіпті, АҚШ пен Кореядан желіге қосылым жасаған. Бейнежазбалардың астындағы пікірлерде есеп жоқ. Ашық сотқа бей-жай қарамаған көпшіліктің бұл ісін, заңгерлер құқықтық прогреске балап отыр.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Жәй ғана адам өлтіру бабы бар екені және аса ауыр қатігездікпен өлтіру бабы бар екенін халық өз көзімен көріп, зерттеп жатыр. Оның үстіне, неше түрлі сараптамалар тағайындалып, телефондар тыңдалып жатыр. Бұның бәрі біздің қарапайым халықтың заң сауаттылығын арттыру жағынан үлкен үлесін тигізіп жатыр деп ойлаймын. Бишімбаевтың соты халықтың заң сауатын арттырды.
Сарапшылар Бишімбаев ісінің бейнежазбасын болашақ заңгерлерге тәжірибе ретінде көрсету керек дейді.
Алмас Жұмағали, заң ғылымдарының кандидаты, Phd доктор:
Прокурордың сотта өзінің айыптауынан бас тартуы. Екі айып тағылды ғой Байжановқа.Соның біреуінен бас тартты. Бұл өте сирек кездесетін құбылыс негізі. Осыны алып, процесті құқықты оқытушылар пайдалануына болады. Алқабилер сотқа қатысуына байланысты мәселелерді жеке-жеке алып, міне мынандай жерде судья мынандай реакция білдірді, мынадай қылмыстық кодекстің бабына сілтеме жасады деп пайдалануға әбден болады.
Бишімбаев ісінен кейін Жоғарғы сот өзге де резонансты соттарды тікелей эфирде көрсету туралы шешім қабылдады. Алматыда үш адамның өліміне себепші болған автобус апаты мен Қарағандыдағы жедел жәрдем жүргізушісін ұрып соғу оқиғасын талқылау да көпшіліккке көрсетілді. Халық ірі сот процестерін назарында ұстады.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу