Теміртауда трамвай паркі қайта оралады. Қаланың символына айналған қоғамдық көлік 2023 жылдың қаңтарында істен шыққан болатын. Енді алдағы 3 жылда толық қалпына келтірілмек. Былтыр парк жабылып, жүзден астам адам жұмыссыз қалған болатын. Барлығына комбинат басқа жұмыс ұсынғанымен, оған көбі төзбей шығып кеткен. Солардың бірі - 25 жыл трамвай жүргізушісі болып жұмыс істеген Татьяна Фадеева.
Татьяна Фадеева, Теміртау қаласының тұрғыны:
Өзім ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген трамвай паркі қайта іске қосылса екен. Темір жолы, тоқ желісі жөнделіп жаңа трамвай алынады деп жатыр. Мұны естіп қуанып қалдым.
Бұрынғы инвестор трамвай паркіне жылдап ақша салмай келген. Сол себепті вагондар ескіріп, темір жолдар тозған. Барлығын қайта қалпына келтіру үшін кемінде 10 миллиард теңге қажет. Енді жаңа кәсіпорын басшылары бұл жұмыстарды өз қолына алды. Болашақта 30 шақырым жолды қамтып, трамвай санын 10-ға жеткізу көзделіп отыр.
Ораз Тәуірбеков, Теміртау қаласының әкімі:
Қала құрушы мекеме келер алдында Теміртау қаласының дамуына бағытталған әлеуметтік жобларды қолдау үшін трамвай көлігін сақтап, қалпына келтіру керектігін жеткізгенбіз. Қазір жұмыстар басталды.
Жандос Бақытұлы