Ресейдегі «Атамекен» қазақ қоғамына 35 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдегі «Атамекен» қазақ қоғамына 35 жыл

10.05.2024

Ресейдің Санкт-Петербург қаласы мен Ленинград облысында 7 мыңға жуық қазақ тұрады. Қандастарымыздың басын қосқан «Атамекен» қазақ қоғамына 35 жыл толды. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұйым өзге ұлт өкілдері арасында да абыройға ие.

Қандастарымыз тарихи отанынан жырақта жүрсе де, дәстүрді дәріптеп, салтымызды сақтап жүр. Соңғы уақытта ана тілін терең үйренем дегендердің қатары артқан. Сондықтан мектептерге қазақ тілі оқулықтары жеткізілмек. Сонымен бірге, ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында домбыра үйірмелері жұмысын жандандырды.

Бақыт Әбдікәрімов, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:

86-дан бері осы жердемін. 90-шы жылы «Атамекеннің» мүшесіне кіргелі бері 34 жыл болды. Әр жыл сайын 2-3 қызықты, қоғамдық нәрселер өтіп жатады, бәріне қатысып жатамыз. Мейрамдарда өз тілімізде сөйлесеміз, өз тілімізде араласамыз. Қалай ол өзіміздің дінімізді, тілімізді ұмытуымыз керек?

Ал Қазақстанның тумасы Валерий Важнецкий қазақтың ұлттық киімін Санкт-Петербург қаласында насихаттайды. Оның айтуынша, соңғы уақытта ұлттық киімге өзге ұлтттардың тарапынан қызығушылық артқан.

Валерий Важнецкий, Санкт-Петербург қаласының тұрғыны:

Ресейде тұрып жатқаныма 30 жыл болады. Біз Отанымыздан алыста жүрсек те Санкт-Петербург қаласында үнемі бас қосамыз, елімізді ұмытпаймыз, дәстүрді ұлықтаймыз. Өз туған жерімізге, халқына ерекше құрметпен қараймыз.

«Атамекен» қазақ қоғамынаның 35 жылдығы Санкт-Петербург қаласының төрінде атап өтілді. Бұл күні өнерпаздан қазақтың әуезді әнін әуелетіп, бишілер мың бұрала биледі.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу