Шымкенттегі «Кең баба» саябағының жарты гектардан астам жері мемлекет меншігіне қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі «Кең баба» саябағының жарты гектардан астам жері мемлекет меншігіне қайтарылады

10.05.2024

Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағының жарты гектардан астам жері сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссияның анықтауынша, саябақ ортақ пайдаланымдағы аймақ болғанына қарамастан, 2009 жылы 0,56 гектар бөлігі жекешеленіп кеткен. Кәсіпкер, жер кодексі талаптарын бұза отырып, бұл жерге мейрамханасы бар 5 қабатты қонақ үй салып алған. Сот жер ресурстарын басқару департаментінің жерді жекешелендіру туралы әкімдік қаулысын заңсыз деп тану туралы арызын қанағаттандырды.

«Жер аманаты» комиссиясы сондай-ақ, Шымкентте «Ұлы дала» тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияның жер учаскесін ешқандай аукционға және конкурсқа қатыспай алғанын анықтады. «Shymkent» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» осыдан екі жыл бұрын 2,2 гектар жерді уақытша пайдалануға алған. Бірақ, артынша оны жеке құрылыс компаниясына сатып жібергені белгілі болды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу