Ақтөбелік зейнеткер ауылын тасқыннан қорғап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік зейнеткер ауылын тасқыннан қорғап қалды

09.05.2024

Ақтөбелік зейнеткер ауылын тасқын судан қорғап қалды. Мұғалжар ауылында тұратын Дәулетжан Күзембаев табиғи апат болатынын алдын ала білген. Ол ұзақ жыл өзі тұратын аумақта көлдердегі су қорын сақтау жұмысымен айналысқан. Тәжірибелі маман Мұғалжар тауынан келетін нөпір судың бұл жолы үлкен қауіп төндіретінін біліп, ауылдастарына көл жағасын құммен, қиыршық таспен бекіту қажеттігін ескерткен. Бұған ауыл әкімі құлақ асып, судың жолына бөгет тұрғызылды. Оған жақын маңдағы кәсіпорын техникалары да тартылған. Осылайша елдімекен судан аман қалды.

Дәулетжан Күзембаев, зейнеткер:

Білгенімді жастарға айтқым келеді, үйреткім келеді. Алдын алу керек деп айттым. Өрттің де, судың да алдын алмасақ, жақсы болмайды. Халықтың жеп отырған наны, мал ұстап отыр мына арада. Соларға жәрдем беру керек, кімнің қолынан не келеді, беріңдер дедім. Қасымызда төрт зауыт бар, солардың жәрдемімен, плотина тұрып қалды осы.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу