Бұдан соң Президент Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммитіне қатысу үшін Ресей астанасына ұшып барды. Алдымен Кремльдің Андреевский залында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтіп жатыр. Онда тараптар Одақ жұмысының өзекті мәселелерін талқылайды. Жалпы Саммит барысын тілшіміз Данияр Қайыртай бақылап отыр.
Данияр Қайыртай, тілші
10 жыл бұрын тура осы мамыр айында Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімшартқа Астанада қол қойылған еді. Ал бүгін Еуразиялық бестікке кіретін – Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей президенттері және Одақты бақылаушы, яғни Өзбекстан мен Куба елдерінің басшылары Мәскеуде мерейтойлық саммитте бас қосып отыр. Жиынға Одақтың биылғы жетекшісі Армения премьері Никол Пашинян төрағалық етті. Бұл елдің ресми Мәскеумен қарым-қатынасы Таулы Қарабақтағы жеңілісінен кейін суып кеткенін де айта кетейік. Тіпті, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы мүшелігін биыл уақытша доғарғаны да белгілі. Армения мен Әзербайжанның Сыртқы істер министрлері бейбіт келісім жасауды талқылау үшін Қазақстан Президентінің ұсынысы бойынша осы аптада Алматыда кездесетінін де орайы келгенде тілге тиек ете кеткен жөн. Айтпақшы, бұл Саммит Путин үшін кеше өткен ұлықтау рәсімінен кейінгі алғашқы халықаралық отырыс болып отыр. Бестік аясындағы әріптестері осыған орай құттықтауларын да жеткізіп жатты. Саммит бірер минут бұрын ғана аяқталды. Қазір тараптар отырыс қорытындысы бойынша бірнеше құжатқа қол қою рәсіміне қатысып жатыр. Ол құжаттардың мән-жайын кейін толықтырып айтамыз. Ал отырыстың өзіне келсек, президенттер Еуразия экономикалық одағының он жылдағы жұмысын қорытындылап, алдағы жылдарға арналған даму жоспарын талқылады. Сосын Одақ пен Моңғолия арасында еркін сауда аймағын құру туралы шарт жасасу мәселесін сөз етті. Вьетнаммен сауда-саттық төңірегіндегі ақпаратты электронды түрде алмасу туралы хаттаманы бекіту жайын талқылады. Осындай үшінші ойыншылармен қарым-қатынас жөнінде алдын ала жазып алған сарапшының пікірін тыңдасақ:
Жұмабек Сарабек, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:ЕАЭО қазіргі таңда Орталық Еуразия мен Жаһандық Оңтүстік арасында бір көпірге айналуы мүмкін. Бірақ ол үшін үлкен жұмыс керек. Санкцияға қарамастан ЕАЭО жабық ұйымға айналмауы керек. Яғни барынша үшінші ойыншылармен Одақ өз байланысын жалғастыруы керек. Себебі ЕАЭО-тың қандай да бір жабық геосаяси блокқа айналуына Қазақстан, мысалы, мүлдем мүдделі емес.
Данияр Қайыртай, тілші:Ал осы күнге дейін Еуразиялық экономикалық одақ Вьетнам, Сербия, Сингапур, Иран, Қытаймен түрлі деңгейде серіктестік орнатқан. Одақ бірнеше жылдан бері Индонезия, Араб әмірліктері және Мысырмен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөз жүргізіп келеді. Ал мерейтойлық Саммиттің қорытындысы мен ондағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары жөнінде әлі қосымша ақпарат таратамыз.