Отан қорғау қызметінде ерлер ғана емес, мықты қыз-келіншектерде бар. Павлодар полициясында еліміз бойынша жеңіл атлетикадан алдына жан салмай жүрген желаяқ, Қазақстанның үш мәрте чемпионы Әсел Әбдіраманова қызмет атқарады. Тіпті, бірнеше мәрте диск лақтырудан рекорд жаңартқан. Бүгін ол спорттағы жетістігі үшін 101 ші медальді иемденді. Әзірге ол полиция сапында дәл осындай нәтижеге жеткен жалғыз қызметкер.
Әсел Әбдіраманова, полиция департаментінің ақпарат және байланыс басқармасының бас маманы:Спорт адамды тәртіпке үйретеді. Бұған қоса жігерлі, мықты болу полиция қызметкері үшін басты - талаптардың бірі. Мен жұмыс жағдайында ер азаматтардан әлсіз екендігімді көрсеткім келмейді. Себебі қоғамдық тәртіп сақшысы кез-келген уақытта қиындықпен бетпе-бет келуі мүмкін. Сол тұста әйелмін деп айта алмасымыз анық.
Қоғамдық тәртіпті сақтау ғана емес, полицияда Әсел Қабдоллақызы еңбек етпеген сала жоқ. Тіпті ол экстремизм мен терроризмге қарсы басқармада жұмыс істеген. Қазіргі шені подполковник. Ақпарат және байланыс басқармасындағы талдау бөлімінің ең білгір мамандарының бірі. Ал республикалық жарыстарда департамент құрамасын Әсел бастап барады.
Абай Мамбетов, полиция департаментіне қарасты «Динамо» спорт кешенінің басшысы:Біздің департаментте 21 чемпион бар. Соның ішіндегі ең үздігі - Әсел. Ол жүгіруден екі рет чемпион болды. Диск лақтырудан екі рет рекордсмен болды. Жетістігі өте үлкен.
Болат Аманбаев