Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери атақтар тапсыру рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мемлекеттік наградалар, жоғары әскери атақтар тапсыру рәсіміне қатысты

06.05.2024

Отан қорғаушылар күні қарсаңында жуырда ғана бекітілген «Айбын» орденінің Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатын дәрежелері алғаш рет табысталды. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды, әскерилерді Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Су тасқыны кезінде алдыңғы шептен табылып, қарапайым халықтың қауіпсіздігін қалтықсыз қорғаған мамандарға алғысын білдірді. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.

Айбынды армиямыз – елдегі тұтастық пен тыныштықтың мықты қалқаны. Қуатты әскеріміз бейбітшілік пен берекелі өмірді қас қақпай күзетіп тұр. Олар қай кезде де қастерлі Отанымызды қорғауға дайын. Мұны дәлелдейтін мысал да көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті.

Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Мыңнан астам техника жеткізілді. Сын сағатта халқымыздың асыл құндылықтары анық байқалды. Біздің әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік миссияларын дербес орындау мандатына алғаш рет ие болды. Бұл қазақ қарулы күштерінің әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс.

Қаныш Әубәкіров 14 жасында әскери оқуға түскен. Қатардағы курсанттан қорғаныс министрінің орынбасарына дейін өсті. Сол кездегі мен қазіргі армияның айырмашылығын таразылап, қарулы күштеріміздің қауқары қаншалықты өскенін айтып берді.

Қаныш Әубәкіров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Біздің әскеріміз заманауи техникамен, басқа да жабдықтармен жабдықталып жатыр. Мемлекет атынан бізге барлық жағдай жасалуда. Сондықтан қазіргі Қазақстан әскері қазақтың елін, кең байтақ жерін қорғауға дайын.

Аина Кубекова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің департамент басшысы:

Мен үшін генералдармен бір сапта тұру, марапат алу үлкен мәртебе. Өйткені мен көп жылдар бойы қарапайым азаматтармен бірге жұмыс істедім. Кейін құқық қорғау саласына ауыстым. Салыстырып қарасам, қарапайым азаматтар мен әскерилердің айырмашылығы өте үлкен. Олар, абырой мен жауапкершілікті, тәртіп пен қиындықты қатар алып жүрген азаматтар.

Жиын барысында Президент бірқатар әскери қызметкерді мемлекеттік награда, жоғары әскери және арнаулы атақ, сыныптық шендермен марапаттады.

Қалтықсыз қызметімен көзге түскен мамандарға жуырда ғана бекітілген «Айбын» орденінің Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың атымен аталатын дәрежелері алғаш рет табысталды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ерлік майданда ғана жасалмайды. Бейбіт өмірде де батырлыққа орын бар. Ал біздің әскери адамдарымыз кез келген уақытта қарапайым халыққа қорған болып, антына адал болудың үлгісін көрсетіп келеді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу