Тайпаққа түскен мол су Атырауға ойысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тайпаққа түскен мол су Атырауға ойысты

06.05.2024

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында Жайықтың деңгейі 935 см-ге жетті. Қазір мол су Атырау облысы Индер ауданына қарай ойысып жатыр. Биікте орналасқан елді мекендерге қауіп жоқ. Еңістегі ауыл іргесіне бөгеттен қорған салынған. Ал сай-салада қалып қойған мал қауіпсіз жерге шығарылды. Әріптесім Ардақ Мұратқызы рет-ретімен баяндайды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Оралдан 280 шақырым қашықтықтағы Тайпақ ауылындамыз. Жайықтың суы мұнда шекті деңгей, яғни 8,5 метрден асты. Мінекей, су жардың етегіне дейін келіп тұр. Бірақ ауылға қауіп жоқ. Өйткені елді мекен теңіз табанынан едәуір биікте орналасқан.

Көзкөрген қариялардың айтуынша, Жайықтың суы 1994 жылы тап осылай арнасына сыймай, асып тасыған. Қазір отыз жыл бұрынғыдан да мол су түсіп жатыр. Ауылдықтар аңқасы қуарған сай-сала мен кенезесі кепкен көлтабандарға тіршілік нәрі жеткеніне риза.

Боранбай Қыдырғожин, Тайпақ ауылының тұрғыны:

1994 жылы мына қабаққа дейін келді. Ол кезде мына бағандар, мына ағаштар басы ғана көрініп тұр. Биыл да Чапайдан келе жатқан су әлі бір апта бізге келеді деп есептеп отырмыз. Бізден Индерге қарай өтеді. Сол деңгейге жақындайды. Бұл біз үшін өте зор қуанышты жақсылық.

Ал Атамекен ауылында дария суы бөгетке тіреліп тұр. Елді мекендегі 115 үйде 600-ге жуық адам тұрады. Тасқынға төтеп берген бөгетті ауыл азаматтары, соның ішінде мектеп ұжымы, мәдениет қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, бел шешпей, күні-түні тұрғызған.

Амангелді Жанайысов, Атамекен ауылының тұрғыны:

1994 жылы су келгендер аралдар болды да, бірақ мына су жайылып, ауыл іргесіне дейін келді. Біз енді осы жағын мықтылап, дамбы жасатқызғанбыз барымызша. Техника келді, бәрі келді. Қапшықтар жатыр әні. Бірақ су деген биыл күтпеген жағынан мына шығыс жақтан, іргегеден келіп қалды. Сондықтан әлі күнге мына жақ дамбаны бекітіп жатыр.

Ауыл-аймақты тасқын судан аман алып қалу үшін облыстық резервтегі күш құрылымдар жұмылдырылды. Сондай-ақ ауданға Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Орал қаласынан құтқарушылар мен әскерилер көмекке келді. Олар сай-салада, тоғайда қалған малды шығарды, бөгет соқты, күзетте болды.

Болат Шаленов, Тайпақ ауылдық округінің әкімі:

Елдімекендерге Тайпаққа да, Томпаққа да, Шабдаржапқа да қауіп жоқ. Су барады деген жердің барлығына 4,5 шақырым вал соқтық. Оны пленкамен қаптадық. Артын нығыздадық үлкен техникалармен.

Ақжайық ауданындағы 45 елдімекеннің 32-сі күретамырдың қос қапталын бойлай орналасқан. Еңістегі Есенсай, Базаршолан, Қарауылтөбе, Ілбішін ауылдық округтерінде бірде-бір үйге су кірген жоқ. Ауыл әкімдерінің айтуынша, жайылмаға жайылған су кем дегенде он жыл тұрады. Демек, мал-жан, бау-бақша, орман-тоғай мен шабындыққа қолайлы, ырысты, берекелі шақ туады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу