БҚО-да саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындарға үй беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындарға үй беріледі

03.05.2024

Батыс Қазақстан облысында саяжайдағы үй-жайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындарға үй беріледі. Бұл туралы тасқыннан келген шығынды есептеу, қалпына келтіру комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов хабарлады. Өңірде тасқынның үшінші кезеңінде, Жайық тасыған кезде 15 мыңнан астам саяжай учаскесін су басты. Саяжайлар әлі де суда тұр. Сондықтан қазір ол аумақтағы баспаналарды бағалау, техникалық тексерістен өткізу мүмкін болмай отыр. Әкімдік өкілдері саяжай тұрғындарын сабырлық сақтауға шақырады. Комиссия өтініштерді үздіксіз қабылдап жатыр.

Ал тасқынның бірінші, екінші кезеңінде Орал қаласы мен су басқан алты ауданда 1300-ден астам үйге залал келді. Қазір облыс бойынша 420 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында қалпына келтіру жұмысы басталды. Қираған үйлер бұзылып, орнына жаңа баспаналардың іргетасы қаланып жатыр. Тұрғын үйлер - «Қазақстан Халқына» және "Ақжайық" қорлары, ірі кен игеруші компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржысына салынады. Ал бір жолғы материалдық көмек саяжай тұрғындарына да тиесілі. Сондай-ақ, бүлінген дүние мүлкі үшін 553 мың теңгеден аспайтын өтемақы да беріледі.

Тілепберген Каюпов, Облыс әкімінің орынбасары:

Тұрғын үйі жалғыз баспанасы болса, саяжай аумағында орналасқан, шығынға ұшырап, құлап немесе зардап шексе, арнайы тексерістен кейін тұрғын үйі жарамсыз деп танылса, ол кісіге тұрғын үй салып беру немесе соған баламалы үйді сатып алып беруге мемлекет өз міндетіне алады.


Хабарламаларға жазылу