Махамбет ауданындағы жедел штаб күшейтілген жұмыс режиміне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Махамбет ауданындағы жедел штаб күшейтілген жұмыс режиміне көшті

03.05.2024

Атырау облысындағы Махамбет ауданындағы жедел штаб күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жайықтың деңгейі аудан тұсындағы гидробекетте бірден 14 см-ге көтеріліп, 814 см-ге жетті. Қауіпті деңгейге 36 см қалды. Қазір аймақтағы жағдайды әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тікелей байланыста баяндауға әзір. Нұрсұлтан, сіз эфирдесіз.

 Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Тасқын судан қауіп күшейді. Нөпір су алдымен Индер ауданынан өтіп, Махамбетке ойысады. Содан соң барып қалаға жетеді. Индерге келіп кетер қауіп жоқ. Өйткені аудан теңіз деңгейінен едәуір жоғары орналасқан. Ал Махамбеттегі жағдай елді алаңдатып отыр. Өйткені мұндағы судың деңгейі қауіпті межеге жақын қалды. Тасқынның алдын алу үшін жаға бекіту жұмыстары 100 процентке аяқталды. Биіктігі 2 жарым метр болатын 65 шақырымнан астам бөгет салынды. Қазір бөгеттерді қосымша нығайту жұмыстарына 108 техника мен 1000-нан астам адам жұмылдырылған. Дамба бойына 40 кезекшілік бекет қойылды. Олар тәулік бойы судың деңгейін бақылап, қорғаныс дамбаларының бойында сақтық шараларын қамтамасыз етеді.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Құлсарыда бағалау мен техникалық зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 800-ден астам үй техникалық тексеруден өтті. Бұл жұмыстарға арнайы 40-тан астам техникалық маман тартылған. Олар бағалау жұмыстарын 15 мамырда бітіреміз деп отыр. Ал тасқыннан зардап шеккен 3 657 азаматқа бір реттік әлеуметтік көмек ретінде 1 млрд 350 миллионнан астам қаражат төленген.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу