Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен 30 отбасына пәтер берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккен 30 отбасына пәтер берілді

30.04.2024

Қостанай облысында тасқын кезінде 1000-ға тарта үйге су кірген. Соның жартысына жуығы қайта салынады, немесе иелеріне пәтер беріледі. Қалғаны күрделі жөндеуден өтеді. Тасқыннан зардап шеккендерге пәтер сатып әперу мен баспанасын қалпына келтіруді ірі бизнес өкілдері мойнына алып отыр. Бұл туралы Қостанайға Президент тапсырмасымен барған сапарында ҚР Премьер – Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Бұл Үкімет басшысы орынбасарының Қостанай ауданына қарасты Алтынсарин ауылы тұрғындарымен кездесуі. Мұндағы 300 үйдің 151-іне су кірген. Соның 52-сі қалпына келтіруге жарамайды. Енді олардың орнына жаңасы салынады немесе иелеріне пәтер беріледі. Таңдау жасап үлгерген алғашқы 30 тұрғынмен облыс орталығынан жаңа пәтер алуға келісім шарт жасалды.

Әсем Қамалова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Осындай қиын сәтте Үкімет мүшелерінің қасымыздан табылғанына рахмет. Пәтер алып беріп жатқандарыңызға мың алғыс.

Қанат Бозымбаев өзімен бірге ірі бизнес өкілдерін де ерте келіпті. Алпауыттар табиғи апаттың зардабын жоюға атсалысуды өздерінің мойнына міндет етіп алып отыр.

Данияр Әбілғазин, кәсіпкер:

Мен бизнесмен ретінде Қостанай облысына көмек көрсетуім керек деп шештім. Біз 1,5 млрд теңге көлеміндегі қаржыға тасқынның салдарынан баспанасыз қалғандарға пәтер сатып әпереміз. Алғашқы пәтерлермен келісім-шарт жасалды. Әрі қарай да көмектесеміз.

Қазір облыстағы 2 эвакуация орталығында 145 адам тұрып жатыр. Қалғаны пәтер жалдап немесе туған-туыстарын паналап жүр. Тасқыннан зардап шеккендердің бәрі 100 айлық есептік көрсеткішке сай бір реттік көмек алған. Қанат Бозымбаевтың айтуынша бүлінген дүние мүліктің де шығыны өтеледі. Басты мақсат – қысқа мерзімде далада қалған жұртты баспанамен қамту.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер -Министрінің орынбасары:

Көпшіліктің көңілінде осы масқатқа бөлінген қомақты қаржы талан-таражға түсе ме деген алаңдаушылық бар. Алайда мен ірі бизнес ешкімге, ешқайда ақша аудармайтынын айтқым келеді. Олар пәтерді тікелей сатып алады, үй салады немес жөндейді. Сосын бәрін аяқтағасын жергілікті әкімдіктерге тапсырады. Сондықтан бұл қаржыға көлденең біреу қол сұғады деп алаңдауға еш негіз жоқ.

Облыс аумағында тасқын кезінде 25 бағыттағы жолдың 60 учаскесін су басқан. 4 көпір мен 34 суағар құбыры зақымданған. Қазір бүлінген жолдар біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Үкімет басшысының орынбасары инфрақұрылымды дұрыстауға республикалық резервтен 10 млдр теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтты.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу