Осы аптада сот тергеуі аяқталды. Бишімбаевтың телефоны зерттелді... Сол күні ол Салтанаттың шашынан сүйреп, тепкілеумен қатар, мансұқ ете отырып, намысына тиетін небір сөз айтқан. Жер-жебіріне жеткен. Сонысының кейбір тұсын өзі телефонына түсірген. Видео сотқа қатысушы тараптарға ғана көрсетілді. Аудионы тыңдау мүмкін емес. Ал қарап отырғандардың кейбірінің реакциясына қарап, шошып кететін көрініс екені түсінікті.
Салтанат ұзақ уақыт тұрмай жатқанда жедел жәрдемге емес, көріпкелге жаздым деп еді ғой, сол көріпкел куәгерлікке тартылды...
Белгілі The Washington Post басылымы Бишімбаев сотына орай мақала жариялаған. «Әйелінің өліміне орай Бишімбаевқа байланысты процесс орталық азия мемлекетін тұтас дір еткізді. Он мыңдаған адам тұрмыстық зорлыққа қарсы жазаны күшейтуді сұрап петицияға қол қойды» деп жазған The Washington Post.
«Қазақтардың назары Бишімбаев сотына ауған. Елде сот отырысы тұңғыш рет онлайн көрсетіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде талқылау көп» деген мақала авторы Джоанна Козловска, америкалық оқырмандарына оқиғаны қысқаша баяндап берген. Бишімбаевтың Батыста білім алғанына, бұрын коррупция бойынша сотталғанына назар аударған.
Бұл істі қоғамдағы көзқарас пен құқықтық сананы өзгеріске апаруы мүмкін сыни шақ деп сипаттаған.
Біраз дүние жазған. Соңын ... көпшілік бұл процесс елді өзгертті деп сенеді деп аяқтаған. Рас, өзгерте ме?
Жақында ғана Ақтауда үйдің подьезінде әйелін түйгіштеп, одан лифтіде ұрған антұрғанның видеосы шықты. Шырылдап балалары жүр... Ал бүгін Қарағандыда біреу әйелін пышақтап, ақыры әйелдің мерт болғаны туралы хабар шықты. Бишімбаев соты тұрмыстық зорлық-зомбылықты бірден азайта алмас. Бірақ процесс басталған шығар. Тіпті жаңағы жексұрын подьезге біреу кіргенде түк істемеген сияқты тұра қалды. «Не істеп жатсың?- деп полиция шақыра ма» деп қорқады.
Бұл енді айтып тұрғанымыздай процесс, рас. Бишімбаев сотында келесі аптада тараптардың сөзсайысы басталады.