Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйге қоныстануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындар жаңа үйге қоныстануда

27.04.2024

Қарағанды облысында судан зардап шеккен тұрғындар қалыпты өміріне оралуда. Бүгінде су басқан 60 үйдің барлығына толыққанды көмек көрсетілді. Суға кеткен малын түгендеп, жаңа үйге көшіп жатқан тұрғындармен өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тілдесіп қайтты.

Түнгі сағат 2-де келген тасқын судан Серік Қашкенбаевтың үйі бірінші болып зардап шеккен. 1 метрге дейін көтерілген су үйге кіріп іргесіне зақым келтірді. Қорасында тұрған 5 ірі қара мал мен 1 жылқы суға кетті.

Серік Қашкенбаев, Ақсу ауылының тұрғыны:

5-6 мал қырылды ғой. Бірақ 2-3 күнде орнына қойып берді әкімдік. Бар малым түгел. Бірнеше оценчик келді, 3-4 рет келіп есептеп, шығынымызды қолма-қол есептеп орнына қойып берді. Досымның фермасына малымды үйренсін деп қосып қойдым.

Ал Жұмажановтар әулеті қоныс тойын шілдехана тойымен қатар тойлауда. Орынбек Зәружанұлы төртінші мәрте әке атанып, дүниеге шекесі торсықтай Қонысбай келді. Қарғын судан үйсіз қалған отбасыға 3 бөлмелі жаңа баспана берілді. Бүгінде құжаттары реттелуде.

Орынбек Жұмажан, Ақсу ауылының тұрғыны:

Әкімшілікке айттым баспана керек деп. Маған жаңа үйді күте алмайм, сатылып жатқан үйді алып беріңіз дедім. Бірден келісіп, алып берді.3 күн болды көшкеніме.

Шет ауданы бойынша 60 үй су астында қалып, 6 үй жарамсыз деп танылды.

Нұржан Ақынжанов, Шет ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Толыққанда көмектерін алды. Материалдық көмек берілді, мал берілді. Онымен қоса түрлі қайырымдылық көмектер де табысталды.

Үйіне су кірген барлық отбасыларға үкімет бір реттік ақшалай көмек, теледидар және тоқ генераторларын үлестіріп берді. Қазір аудан бойынша тасқын судан кейінгі тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу