Түркиялық оқушылар жазғы каникулда Қазақстанға баратын болды. Ыстанбұлдағы Абай атындағы мектепте өткен «Абайды тану» білім сайысының жеңімпазы болған 14 оқушыға осындай сыйлық жасалды. Еліміздің бас консулдығы, Ыстамбұл қалалық білім департаменті мен Абай мектебі бірлесе өткізген сайысқа 700-ден аса бала қатысқан болатын. Ерекше шара туралы Айдос Әшімұлының материалында.
Жеңімпаз оқушылардың қуаныштарында шек жоқ. Абайдың туған жеріне барып көзбен көреміз деп ешқашан ойламаған едік дейді. Бұл сайыста Абай туралы, Қазақстан туралы көптеген қызықты мәліметтер үйренгендерін айтады.
Зейнеп Башак, сайыс жеңімпазы:
Басында өзім де сенбедім. Қатты қуандым. Әлемді аралау өзімнің арманым еді. Сол арманымды Қазақстаннан бастайтыныма өте қуаныштымын. Осы сайысқа дайындалғанда Абай туралы, Қазақстан туралы көп видеолар қарадым.
Ясмин Түркмен, сайыс жеңімпазы:
Өзімді бақытты сезініп тұрмын. Қазақстанға баратын болғаным үшін өте қуаныштымын. Қазақстан туралы көп естігенмін. Өте әдемі ел деп ойлаймын.
Сайыс екі кезең болды. Қатысушылар бірінші кезеңде арнайы тест сұрақтарына жауап берді. Одан сүрінбей өткен 140 бала Абайдың қара сөздері негізінде шығарма жазды. 6-11 сыныптар арасында өткен сайыс жеңімпаздарын арнайы комиссия анықтады.
Адем Услу, Зейтинбурну ауданының әкімі:
Абайды біздің оқушылардың жақынырақ тануы екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, бауырлас елдерді жақындастыра түсетініне сенімдімін. Ата жұртымызды көзімен көрген балалар үшін бұл ұмытылмас бір сапар болады деп ойлаймын.
Білім жарысының жеңімпаздарын Қазақстанға жіберу туралы шешім балалардың білімге деген ынтасын арттыра түседі дейді мектеп директоры.
Муежжел Айдыр, Абай атындағы қыздар мектебінің директоры:
Абайдың «Қара сөздері» оқушыларымыздың білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, дүниетанымдарына да оң әсер етті деп ойлаймын. Жеңімпаз 7 оқушымыз ортаншы сыныптан, 7 оқушымыз жоғарғы сыныптан. Олармен бірнеше мұғалім мен ата аналары бірге барады.
«Абайды тану» сайысы Ұлы ақынымыздың еңбектерін бауырлас Түркияда кеңінен танытуға мүмкіндік беретін жоба. Сондықтан оны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр. Ал мектеп оқушылары жазған шығармалар бір кітапқа жинақталып, басылып шығатын болды.
Айдос Әшімұлы