Ақмола облысындағы Атбасар ауданынында су кірген 300-ге жуық баспана тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысындағы Атбасар ауданынында су кірген 300-ге жуық баспана тексеріліп жатыр

27.04.2024

Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданынында тасқын судан қауіп сейілді. Үйлеріне оралған тұрғындар қазір аман қалған дүние-мүлкін түгендеп, кептірудің қамына кіріскен. Жалпы аймақта табиғи апаттан зардап шеккен 400-ге жуық адамнан өтемақы алуға өтініш түсті. Қазір сарапшылар үй-үйді аралап, шығын көлемін анықтауда. Толығырақ әріптесім Ұмсындық Наурызбаева баяндайды.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Қазіргі таңда мына Жабай өзенінің деңгейі қауіпті межеден 1 метрге дейін түсті. Тасқынның беті қайтқан соң тұрғындар да баспаналарына қайта оралған. Қазіргі таңда аймақта арнайы комиссия құрылып, қарғын су кірген 300-ге жуық баспана тексеріліп жатыр.

Атбасар қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Беркінбаев тасқыннан бүлінген баспанасын жөндеуге осыдан бірнеше күн бұрын кіріскен. Басқа амал жоқ. Тосыннан кірген су еденді бірден көтеріп жіберіпті. Қазір үйдің іші ылғал тартып тұр. Дүние-мүлкі де тегіс жарамсыз күйге түскен.

Нұрсұлтан Беркінбаев, Атбасар қаласының тұрғыны:

Су енді 17 сәуір күні келген. Судың деңгейі 10 сантимердей болды. Полды енді бұзып жатырмын. Кептіру үшін. Отбасым туысқанның үйінде.

Ал Майра Бейсенованың үйі қауіпті аймақта тұр. Баспанасы өзенге жақын болғандықтан қарғын су қатты екпінмен келіп, жолындағыны жайпап кетіпті.

Майра Бейсенова, Атбасар қаласының тұрғыны:

Мына су, міне, мына жерге дейін келді. Екі метрден артық. Бес күн үйімізге кіре алмадық. Су тұрды бес күн. Мен қызымның үйіне кеттім. Мына үйдің ішіндегі ильдың барлығын нанимай тетіп жуғыздырдым.

Жалпы аймақта су кірген 195 үй тексерілді. Оның 69-ы қалпына келтіруге жарамсыз. Шығын көлемі әлі де есептеліп жатыр. Ал жергілікті билік өкілдері баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға жақын арада жаңа пәтерлер беріледі дейді. Дүние-мүлкі бүлінгендерге де өтемақы толық көлемде төленбек.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

209 үйдің мүлкі бүлінген болатын. Болжам бойынша 3,5-4 миллиондай шығын келді дүние-мүлікке. Қазір енді сараптамадан өтпеген 65 үй ғана қалды. Осы бүгін, ертең үйлердің жарамдылығын толық аяқтаймыз деп отырмыз. Қазіргі таңда ахуал тұрақталды.

Қазір тасқыннан зардап шеккендерге біржолғы әлеуметтік төлем де беріліп жатыр. Бұл көмекті 193 отбасы алып үлгерді. Оларға 74 миллион теңгеден астам қаражат төленген.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу