Тұрғындар ядролық отын қалдықтарын сақтайтын қойманың салынуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар ядролық отын қалдықтарын сақтайтын қойманың салынуына қарсы

26.04.2024

Абай облысында орналасқан Ұлттық ядролық орталық Павлодар облысы аумағында ядролық отын қалдықтарын сақтайтын полигон салуды көздейді. Сондықтан орталық өкілдері жергілікті халықпен кездесіп, көптің көзқарасын білді. Қоғамдық тыңдауға әріптесім Болат Аманбаев та қатысқан болатын.

Абай облысындағы Курчатов ядролық сынақ полигоны Павлодар облысына қарасты елді мекендерге жақын тұр. Май ауданының Ақжар ауылымен ара- қатынас 7-ақ шақырым. Осыдан 40 жыл бұрын болған жарылыстардың зардабын тұрғындар әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.

Берік Ескендіров, Май ауданының тұрғыны:

Қаншама мүгедек балалар, жастар 60 келмей дүниеден өтіп отыр. Өзім мектепте мұғалім болып істеймін. Өткен жылдың өзінде 2 мұғалім денсаулығына байланысты Баскөл ауылында жұмысынан кетті.

Ал Ұлттық ядролық орталығы енді Май ауданында жаңа қойма салуды жоспарлап отыр. Онда 1980 жылы полигонда қолданылған ядролық отын қалдығын сақтамақ. Ол үшін тереңдігі мен ені 2,5 метрлік шұңқыр қазылады. Жалпы аумағы 72 шаршы метр болады.

Александр Коровиков, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас инженері:

Егер апаттық жағдай болғанның өзінде қойманың қоршалған аумағынан тыс еш жерге залал болмайды. Радиацияның өзі 100 метрден артық таралмайды. Негізі дәл осы жерге әуеден ұшақ құламаса апат болуы мүмкін деген басқа қауіп жоқ. Тасқын болып, су жүріп кетсе де еш ықпалы болмайды. 50 жылда еш зиян болмайды деп кепілдік береміз.

Яғни, алдағы 50 жылда бұл қалдықтар мүлдем жойылады немесе басқа бір мақсатта қолдану үшін арнайы технология әзірленеді. Алайда көпшілік Абай облысы аумағында тұрған реактордан алынған қалдық неліктен Павлодар облысында сақталуы керек деген мәселе көтерді.

Рашид Жәпішев, Май аудандық мәслихатының депутаты:

Біздің Май ауданы не коменсация алмайды, не тұрғындарға көмек жасалмайды. Өте қатты зардап шеккен аудан болғандықтан біз осыған қарсымыз. Бұның зардабын Май ауданы әбден шегіп болды.

Бектас Қапешов, Май аудандық мәслихатының депутаты:

Көбінесе онкология. Қанша кісілер кетіп қалды. Ақша төлегенімен не пайда? Кісілер кетіп отыр. Жүргізушілер, трактористер, көп кісілер қайтып кетті сол ядролық қалдық кесірінен.

Экологтардың пікіріне қарағанда ядролық қалдықтар контейнерлік әдіспен сақталуы керек. Бұл экология жөніндегі заңда анық көрсетілген. Әзірге, мәселенің қалай шешілері дүдәмал, анығы халықтың пікірі міндетті түрде ескеріледі деді мамандар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу