Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Сырбойылықтар тазалық жұмыстары мен көгалдандыру бастамаларын айрықша қолдап, белсенді атсалысуда. Игі бастама осымен үшінші апта жалғасын тауып келеді.
«Жасыл аймақ» апталығында өңір бойынша саябақтар, гүлзарлар, демалыс орындары абаттандырылды. Бұл жолы тазалық науқанына елдің ардақты ардагерлері де үн қосты. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілмен қазыналы қарттар қолына күрек алып «Қорқыт» саябағын тазалап, тал шыбықтар отырғызды.
Өмірбек Шәменов, Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары: Жастармен бірге осы ағаш егу, тазалық жұмыстарын бірге жүргізіп жатырмыз. Бұл біздің жастарымызға деген ардагерлердің бағыт беруі, көрсетуі. Келешек мына табиғатты қорғауға байланысты көрсетіп жатқан жұмыстарының бірі деп есептейміз.
Ал аймақтың белсенді жастары үшін эконауқанның әрбір күні мереке-думан. Қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, жасыл желек егіп, әрлеп-сырлау жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, көптің көңілін аулап жүр. Еріктілер игі іске қатысушыларға балмұздақ таратып, саябақтарда «бауырсақ» пати ұйымдастырды. Жалпы науқан тек қалада ғана емес ауыл-аймақтарда да қолдау тауып, жер-жерде жүріп жатыр.
Наурызбай Орынбасар, Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
Жалпы акция басталғалы негізгі тарихи орындардан бастап, одан кейін орталық көшелер, саябақтар. Мәдени орталықтардың айналасын тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әр тазалық акцияларында аудан жастары белсенді түрде қатысуда.
Тазалық науқанында түрлі саланың еңбек ұжымдары да қалыс қалмай айрықша атсалысып жатыр. Мәселен, денсаулық сақтау ұйымының қызметкерлері облыстық медициналық орталықтың саябағына жаппай көшет отырғызып, келешекте жасыл желекті көбейте түспек.
Әділбек Серікұлы