Тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығындары қалай өтелетіні белгілі болды. Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта кәсіптің шығындарын өтеу тәртібін бекітті. Оған сай, жоғалған мүлік пен бүлінген тауарлардың құны және зақымданған ғимараттарды қалпына келтіруге қажетті қаржы өтеледі. Жоғалған тауарлардың құны көтерме баға бойынша беріледі.
Ал бүлінген мүліктің өтемақысын алу үшін меншік құқығын растайтын құжат болуы керек. Өтелетін құн мөлшерін аймақтық комиссия немесе қор комиссиясы анықтайды. Өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қаралады. Ал зақымданған ғимараттарды жөндеуге өтемақы алу үшін алдымен бағалау жүреді. Кейін өтемақы бір ай ішінде төленеді.