Тасқыннан зардап шеккендердің жағдайы қоғамдық штаб мүшелерінің ұдай бақылауында. Мамандар әр тұрғынның мәселесін жеке қарайды. Сондай-ақ, олардың өтемақы алуларын және эвакуациялық орталықтарда алаңсыз тұруларын назарға алған. Мәселен, Ақтөбе қаласында тұрғындар уақытша тұрып жатқан әр жатақханаға бір адамнан бекітілген.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз Елек өзенінің жағасында тұрмыз. Осыдан екі апта бұрын ғана мұндағы су деңгейі менің бойымнан асатын. Жағалаудағы жүздеген үйге су кірді. Ал қазір судың беті қайтқан, тұрғындар да үйлеріне орала бастады.
Алайда, бұл аумақтағы баспаналардың көбі тұруға жарамсыз. Су кеткенмен, баспаналарының қабырғалары мен еденіндегі сыз кеппеген. Бұл жерде қазір бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. Шығынның дұрыс есептелуі қоғамдық штаб өкілдерінің қадағалауында. Тұрғындар комиссияға көңілі толмаған жағдайда, штаб мүшелеріне шағымдана алады.
Индира Қалдыбаева, қала тұрғыны:
Комиссия барып тексеріп кетті. Бізде су потолокпен бірдей кетті ғой. Үй көрінбей қалды. Бәрі жарамсыз болып қалды, бүкілін шығарып тастадық. Ешқайсысы жарамайды.
Қазір қаладағы 7 жатақханада үйлері суға кеткен мыңға жуық адам тұрып жатыр. Біз барған студенттер үйін 147 тұрғын уақытша паналап отыр. Штаб мүшелерінің бірі күні-түні осында. Ол гуманитарлық көмектің әділ бөлінуін және күнделікті ас-ауқаттың дұрыс болуын да қадағалап отырады.
Бижан Қалмағамбетов, қоғамдық штаб мүшесі:
Барлық жағдай жасалған жатақханада.Төсек орын бар, бөлмелер жабдықталған. Ыстық су, leiқа түсетін орын жұмыс істеп тұр. Кір жуатын арнайы бөлмелері бар. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі.
Қоғамдық штаб мүшелерінің айтуынша, тұрғындарды ең алдымен баспана мәселесі алаңдатады. Кейбірінің тұрып жатқан үйі өз атында болмағандықтан, өтемақыға қатысты мәселелер бар. Сондықтан мамандар тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге де әзір.
Гүлқасима Сүйінтаева, қоғамдық штаб мүшесі:
Алғашқы күннен бастап штаб мүшелері тұрғындармен кездесіп, олардың жағдайын сұрап, олар көтеріп жатқан сұрақтарға дер кезінде жауап беріп, көмектесуге тырмысып жатыр. Осы Ақтөбе қаласын алсақ, зардап шеккен адамдар жеті жатақханаға орналасты.
Ақтөбенің өзінде қоғамдық штабтың 20-ға жуық белсенді мүшесі бар. Одан бөлек. аудандарда да білікті мамандар жұмыс істеп жатыр. Олар тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың мәселесі толық шешілгенше жұмыс істей береді.
Жақсыбек Кемал