Соңғы тәулікте әлемнің бірқатар елдерінде табиғи апаттардан ондаған адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы тәулікте әлемнің бірқатар елдерінде табиғи апаттардан ондаған адам қаза тапты

24.04.2024

Соңғы тәулікте әлемнің бірқатар елдерінде табиғи апаттардан ондаған адам қаза тапты. Кенияда жауын құйып, су тасыса, Қытайда құтқару операциялары әрі қарай жалғасты. Ал Финляндияда қар борап, Грекияда құмды дауыл көтерілген.

Кенияда су тасқынынан 40-қа жуық адам қаза тапты

Кенияда толассыз жауған жаңбырдан кейін алапат тасқын жүрді. 38 адам қаза тауып, 11 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кеткен. Және де ғимараттар құлап, жолдар бұзылды. Жергілікті синоптиктердің дерегінше, алдағы апталарда тағы да нөсер жауын құйып, су тасуы ықтимал. Сол себепті тұрғындарға қауіпті аудандардан кетуге кеңес беріліп отыр.

Қытайда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Қытайдың су тасқыны жайлаған Гуандун провинциясында халықты эвакуациялау операциясы әлі жалғасып жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстарына қайықтар мен тікұшақтар тартылған. Су апатынан мұнда 4 адам қаза тауып, 11-і жоғалып кеткен. Ал ел экономикасына 19 млн доллар шығын келді. Болжамдарға қарағанда, оңтүстік аймақта жаңбыр сәуірдің соңына дейін жалғасады.

Хельсинкиге қыс қайта оралды

Финляндияда көктемде күтпеген жерден қар жауды. Ел астанасы Хельсинки мен оның төңірегін қалыңдығы 28 сантиметрдей ақ ұлпа басқан. Осыған байланысты, қалада қоғамдық көлік қатынасында қиындап,

травмайлар бірнеше сағатқа тоқтады. Елдің метеорология инситуты қардан кейін Хельсинкиде жаңбыр жаууы ықтимал екенін ескертіп отыр.

Афиныда құмды дауыл көтерілді

Ал Грекия астанасы Афиныда құмды дауыл көтерілді. Соның салдарынан қала аспаны көк емес, сап-сары. Метеорологтардың сөзінше, Грекияға бұл тозаң Сахара шөлінен жетіпті.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу