Телеграмм арналардың бірінде әлдебіреудің Астана мектептеріне шабуыл жасайтыны туралы жазба тарады. Бұл ата-аналар арасында біраз дүрбелең тудырды. Бірі баласын мектептке жібермей қойса, енді бірі жетектеп апарып-жетектеп алып қайтты. Қалалық полиция департаменті, бұл - жалған ақпарат екенін хабарлады. Толығырақ тілшіміз Тәуірбек Бозекен тарқатсын.
Бүгін елордадағы білім ошақтары штаттық режимде жұмыс істеді. Алайда, «Мектептерде жаппай қырғын болады»,- деген жалған ақпарат біразың зәре-құтын алған.
Естеріңізде болса, дәл осыған ұқсас оқиға екі ай бұрын ғана еліміздің 3 бірдей қаласында болды. Ол Атырау, Ақтөбе, Семей. Ал елордада осымен екінші рет қайталанып тұр. Тарқатып айтсақ, қаңтардың 29 күні «Төрт мектептің оқушыларын жаппай атамыз» деген жалған хабарламаның кесірінен Ақтөбеде 50 мыңға жуық оқушы бір күнде сабаққа бармай қойған еді. Атыраудағы білім ордаларын дүрліктірген күдікті сол күні бірден табылды. Ал Семей мен Астанадағы екі ата-ана ұлдарының теракт туралы әзілі үшін жауапқа тартылды
Қазақстанда терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқандарға 18 млн 460 мың айыппұл салынады. Сондай-ақ, түзеу жұмыстары тағайындалып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Жалған ақпарат таратқан 14 жастан асқан оқушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал хабарламаның кесірінен келтірілген шығынды өтеу ата-анасына жүктеледі.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
ІІМ-нің дерегінше соңғы 3 жылда елімізде жалған хабарлама таратқан 115 адам сотталған. Олардың 15 кәмелетке толмағандар. Жауапты орган өкілдері мектеп оқушылары мұндай қылмысқа көбіне достарының арасында өзін батыр екенін дәлелдеу үшін, үй тапсырмасын орындамай, сабаққа қатыспау үшін жасайды деп отыр. Сондай-ақ, қоңырау шалған адамдар дауысын қанша өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады деп қатаң түрде ескертеді. Себбі, тәртіп сақшылары дәл осындай қылмыстың 90 пайыздан астамы ізі суымай, бір тәулікте ашылып отырғанын айтады.