Батыс Қазақстан облысында үш мыңға жуық үйге су кірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында үш мыңға жуық үйге су кірген

19.04.2024

Батыс қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында Жайық суы 10 метрге жеткен. 60 мыңға жуық халқы бар аудан үшін қауіпті, сондықтан күн-түні тасқынмен күрес жұмыстары жүріп жатыр. Облыс орталығы Оралда жағдай әзірге қалыпты. Жергілікті тұрғындар «Телеорталық» деп атап кеткен аумақтағы саяжайларға су кірді. Осыған орай эвакуациялау жұмыстары мен халықты құлақтандыру шаралары әлі жүріп жатыр. Мектептер мен балабақшалардың онлайн форматқа ауысқанына бүгін төртінші күн. Әріптесім Нұрсұлтан Тілектес өңірдегі жағдайды баяндауға дайын. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мына біз тұрған «Телеорталық» аумағында нақты қанша үйді су басқаны белгісіз. Бірақ, қала маңындағы саяжайларда орналасқан 3 мыңға жуық баспанаға су кірді деген ақпарат бар. Қазір зақым келген үйлердің жарамдылығын Астанадан келген арнайы комиссия тексеріп жатыр. Жуықарада қорытындысы шығып қалар. Бүгінге дейін Орал қаласында 170 отбасыға 100 АЕК көлемінде бір реттік материалдық көмек берілген. 

ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫН БЕКІТУ ЖҰМЫСТАРЫ ӘЛІ ЖҮРІП ЖАТЫР

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қала маңында Жайық пен Шағанның жағасында орналасқан 80 саяжай бар. Олардың біршамасына су кірді. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Оған қоса Курени, Старица және Коминтерн аудандарына нөпір су келуі мүмкін. Сондықтан аталған аудандардағы Жайықтың жағасы бекітіліп жатыр. Эвауацияланғандардың саны 14 мыңға жуықтап қалды. Оның 2 мыңнан астамы эвакуациялық орталықтарға орналастырылған. Қалада 50 мектеп пен 7 балабақша онлайн оқыту жүйесіне көшіп, 500 бала эвакуациялық пункттерде біліп алып жатыр. Айта кету керек, қазір мына біз тұрған «Телеорталық» аумағындағы су кіріп үлгермеген участкелерде 300-ден астам адам және 12 техника бөгет салу жұмыстарымен айналысып жатыр.


Хабарламаларға жазылу