Қостанай облысында су кірген 367 үй тексерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында су кірген 367 үй тексерілді

18.04.2024

Қостанай облысына қарасты 11 елді мекендегі 400-ден астам үйге су кірген. Қазір тасқынның беті қайтып, тұрғындар баспаналарына орала бастады. Аман қалған дүние мүлкін түгендеп, кептіріп, маңайын жинақтап ретке келтірудің қамына кіріскен. Құрғаққа шыққан үйлерді комиссия мүшелері аралап, шығынның есебін алып жүр. Табиғи апттан кейінгі жағдай жайлы Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

Бұл Қостанайға қарама-қарсы, Тобылдың жағасында тұрған Мичурин ауылы. 6 сәуір күні шеткі көшелеріндегі 44 үйді белуарына дейін су басқан. Тасқынның кері шегініп, үйлердің ауласы құрғай бастағынына екінші күн. Тұрғындар баспаналарына енді келіп, қалған мүлкін түгендеп, кептіріп жүр.

Қанша кептіруге тырысқанмен дүние-мүліктің бәрі жарамсыз күйге түскен. Тұрмыстық техника түгел жанып кеткен. Бір жақсы жері біз көрген үйлердің ешқайсына құлау қаупі төніп тұрмағаны байқалады.  Ал осы ауылдық округтің құрамына кіретін Алтынсарин елді-мекенінде 151 үйге су кіріпті. Комиссия барлық үйлерді тексеріп шыққан. Енді жуық арада баспананың жай-күйі жайлы қортынды шығарады.

Қайрат Әбішев, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

Мен ойлаймын осы 1-2 жетінің ішінде шешім қабылданады. Алтынсарин ауылында қортынды шығарылып та жатыр. Ол үйде тұруға бола ма, болмай ма деген.
Жалпы облыс бойынша су кірген 367 үй тексерілген. Оның 200-ден астамы қалпына келтіруге жарамсыз. 51 үй әлі суда тұрғандықтан комиссия ол жерде бағалау жұмысын жүргізе алмайды. Тасқын 1500-ге тарта бағанды құлатқан, соның салдарынан 13 елді-мекенде әлі жарық жоқ. Жолдардың басым бөлігі су астында жатқандықтан, оннан астам ауылмен жерүсті қатынасын қалыпқа келтіру де мүмкін болмай тұр. Дәуренбек Әбдібек Қыдырәлі Ахметбеков ҚҰА Қостанай облысы.

Хабарламаларға жазылу