6 мыңға жуық қазақстандық мәйіттік донор болуға ниетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 мыңға жуық қазақстандық мәйіттік донор болуға ниетті

17.04.2024

6 мыңға жуық қазақстандық қаза тапқаннан кейін ағзасын донорлыққа беруге ниет білдірген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті. Ведомство дерегінше, кейінгі 10 жылда елімізде 2500-ден астам ағза трансплантациялау операциясы жүргізілген. Алмастырылған ағзаның 83 пайызы тірі донордан алынса, 17 пайыз жағдайда қайтыс болған адамдардың органы қолданылған. Қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық адам ағза трансплантациясына зәру. Олардың басым бөлігі - жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар. Донорлар мен реципиенттердің бірыңғай тізіміндегі отандастарымыздың - 3 мың 735-і бүйрек, 185-і бауыр, 144-і жүрек, 16-сы өкпе алмастыруды қажет етеді. Елімізде 18-ге толған, дені сау, кез келген азамат донор бола алады. Ол үшін «Egov» порталы арқылы электронды түрде немесе емханаға барып келісім беруге не бас тартуға болады.

Қаракөз Тұрмағамбет


Хабарламаларға жазылу