Иран мен Израильде шекара ашық. Әуежайлар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бірақ Сыртқы істер министрлігі, сол жақта жүрген қазақстандықтар, өз қауіпсіздігін ойлаған жөн,-деп ескертті. Қазір, Израиль аумағында консульдық есепте тұрған 123, ал Иранда 104 отандасымыз бар. Бұл Қазақстан елшілігі қызметкерлері мен олардың жанұя мүшелерін қоса есептегенде.
Сондай-ақ министрлік расталмаған деректер бойынша, Израильде тағы 100-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін,-дейді. Ал Иранда еліміздің 174 азаматы вахталық әдіспен жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрімен байланыс орнатып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз,-дейді Сыртқы істер министрлігі.
Естеріңізге салайық, Иран Израильге сенбіден жексенбіге қараған түні 300-дей дрон мен зымыран жіберге еді.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
ҚР СІМ-гі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушіліктерді тек саяси дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шараларды қабылдауға шақырады. Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді.